Екі жасөспірім қыз өлер алдына хат жазып қалдырған екен.
ERNUR.KZ. Қайғылы жағдай 2023 жылдың аяғында Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое және Күршім ауданында болған, деп жазады stan.kz.
Полицияның мәліметінше, екі жасөспірім қыз өлер алдына хат жазып қалдырған екен. Олар хатта сезімі туралы жазып, өлімдеріне ешкімді жазғырмауын сұраған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Өткен жылдың өзінде облыста жасөспірімдер арасында 37 суицид оқиғасы тіркелген. Оның жетеуі аяқталды.
“Жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауына немесе суицидке баруына көбіне ата-анасымен, өгей әкесімен немесе қамқоршымен арадағы жанжалдар себеп болады. Аталған себептерге байланысты 11 дерек тіркелген. Эмоциялық күйзеліс пен жауапсыз махаббат 6 жасөспірімнің өліміне себеп болды. Оқудағы қиындықтарға байланысты 2 дерек тіркелді. Қылмыстық жазадан қорқу, жақындарынан айырылу немесе жай ғана өмірден баз кешу секілді түрлі себептермен 10 дерек тіркелді”, – дейді ШҚО ПД тергеу бөлімінің жетекшісі Дәурен Имандиев.
Осыған байланысты психологтар ата-аналардан балаларға көп көңіл бөлуін сұрайды.
“Ата-ана мен балалардың арасы алыстап кеткенін байқап отырмыз. Ересектер материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету, ақша табу мәселесіне көбірек бас ауыртады. Сөйтіп жүріп олар баланың эмоциалық жағдайына назар аудармайды. Бұл жағдай өзара жанжалға себеп болады. Өйткені 30%-дан астам жағдайда жасөспірімдер ата-анасымен болған жанжалдан кейін өз-өзіне қол жұмсайды”, – дейді облыстағы психологиялық көмек және қолдау орталығының жетекісіші Лилия Куземко.