Экология министрлігі табиғатты бизнеске айналдырудың жолдарын іздестіруде.
ERNUR.KZ. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жануарлар дүниесін қорғаудың ең сенімді жолы – тиімді аңшылық шаруашылықты ұйымдастыру. Басқаша айтқанда, мысалы, киікті қорғау үшін оны атып алу керек. Бір қарағанда, бұл әлдебір браконьерлік топтардың лоббиіне ұқсайды. Шынында, мұны айтып отырған – табиғатты және ондағы әрбір жан-жануарды жан сала қорғау үшін құрылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Меморган осы байламды «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аңшылық саласын дамыту және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасына жазып қойды, деп жазады inbusiness.kz.
Бұл құжат заң жобасынан гөрі «бизнес жобаға» көбірек ұқсайды. Министрлік бұл ретте Солтүстік Американың және бірқатар Африка елдерінің «жануарларды қорғау» тәжірибесін басшылыққа алып отырғанын қымсынбай хабарлады. Оларда табиғатты қорғау «рентабелді бизнеске» айналыпты.
Экология министрлігі бұл елдерде жануарларды қорғаудың экономикалық рентабельділікпен үйлесуі таңқаларлық нәтижелерге әкелді дегенді алға тартып отыр. Министрлік бұрыннан тиімділігін дәлелдеген табиғи қорықтар мен ұлттық табиғи парктер құруды ескірді деп есептейді.
«Адамзаттың қысымы барған сайын артып келеді, бұл жағдайда аң аулауға тыйым салумен және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құрумен ғана биоәралуандылықты сақтап қалу мүмкін еместігін түсінуіміз керек. Жануарлар әлемін қорғаудың ең сенімді жолы – тиімді аңшылық шаруашылықты ұйымдастыру, оны табиғи аумақтар желісін дамытумен және мемлекеттік бақылау жүйесімен үйлестіру», – деп жариялады экология министрлігі.
Жаңа заң жобасы осы жаңа ұстанымды заңдастыруды қарастырады. Оған сәйкес, аң шаруашылықтары аңды жабық аумақта, вольерде өсіріп, еркіндікке жібереді. Бірақ артынша олардың ізімен аңшыларды аттандырып, атып тастатқызуға мүмкіндік алады. Бір ғажабы, осы істің бәріне бюджет қаржысы шығындалмақ, министрлік бұл салаға мемлекеттік субсидия беруді ұсынып отыр.
«Жабайы, тұяқты жануарларды фермерлік өсіру аңшылықтың және ауыл шаруашылығының аса маңызды элементіне және дәстүрлі мал шаруашылығына баламаға айнала алады. Жабайы аңдарды фермерлік өсіру айтарлықтай қаржылық салымды талап етеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан субсидия және қолдау тек қызметтің бастапқы кезеңінде ғана қажет болады. Ары қарай шаруашылық өзін өзі ақтауға көшеді. Өзге елдерден айырмашылығы сол, бізде аң аулау парктерін ашу үшін шексіз мүмкіндіктер бар: бұталы бос жерлерді айтпағанның өзінде, миллиондаған гектар жыртылатын жерлер иесіз жатыр және ешкім пайдаланбайды», – деп хабарлайды министрлік.
Бұл жерде бір гәп бар: Қазақстан Конституциясының 6-бабына сай, малдардан айырмашылығы сол, бүкіл жануарлар дүниесі – мемлекеттің меншігі саналады. Дегенмен, бұл заң жобасынсыз-ақ, бұрыннан аң шаруашылығымен айналысып жүргендер жетерлік. Экология министрлігі оларды қатты аяйды, өйткені олар пайдаға кенеле алмай келе жатқан көрінеді.
«Аңшылық шаруашылығы субъектілеріне орманды пайдалану үшін, жануарлар дүниесі объектілерін алып қойғаны үшін, шаруашылық ішінде аңшылықты ұйымдастырғаны үшін және басқа да әртүрлі төлемдер ауыртпалық түсіруде. Оларға аңшылық, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерін қорғау және өсімін молайту жөніндегі міндеттер жүктелген. Сонымен бірге, аң аулауды пайдаланушыларға өте аз құқықтар берілген. Олар меморгандардың алдында қорғансыз: аң аулауына тыйым салынады, мемлекет өз мұқтажы үшін жерді өтемақысыз алып қояды. Яғни, нақты экономикалық және құқықтық бұрмаланулар бар. Бұл осы салада тұрақты бизнес жүргізуге мүмкіндік бермейді», – деп уайымдайды экология ведомствосы.
Министрлік байламынша, «аңшылық шаруашылығы өзін-өзі ақтай алмауда және аңшылық шаруашылықтың басым көпшілігінің шығыны көп».
Жалпы алғанда, Қазақстанда аңшылық фермалар, сафари парктер, «диче-фермалар» өркен жаюы үшін Жер кодексіне және Салық, Экология кодекстеріне түзетулер енгізу жоспарлануда.