Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді – Тоқаев мәлімдеме жасады

0
1 146

Мемлекет басшысы "Жусан" операциясының жалғасы жүргізілгенін жария етті


Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді – Тоқаев мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар. Бұл туралы мемлекет басшысының мәлімдемесінде айтылды, деп жазады sputniknews.kz.

Бұл ауқымды гуманитарлық акция Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген "Жусан" операциясының жалғасы болды.

"Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елімізге қайтарылған азаматтармен оңалту шараларын жүргізді. Оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді", - деп атап өтті Тоқаев.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде аталған жұмыс оң нәтиже беріп отыр. Биыл қаңтар айында елге оралған әйелдер бұрынғы радикалдық өмірінен бас тартып, жұмысқа орналасқан, туыстарымен қайта байланыс орнатты. Балалары мектепке, балабақшаға барды.

"Қақтығыс аймақтарына шыққан Қазақстан азаматтары мұндай ойсыз қадамға террористердің теріс, шын мәнінде, жалған үгіт-насихатының ықпалымен барды. Бүгінде олар жаңа өмір бастау үшін өз еркімен Қазақстанға оралуда. Олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс", - деп жазылған мемлекет басшысының мәлімдемесінде.

Президент атап өткендей, Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді. Мемлекет өз азаматтарының тағдырына ешқашан бей-жай қарамайды.

Тоқаев сөз соңында аталған гуманитарлық операцияға қатысқан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және шетелдік серіктестерге алғыс білдірді.