Алаяқтардың қармағына түсетін адамдардың көбіне құпия мәліметті өздері айтып қояды. Мамандар біреу қоңырау шалып, жеке мәліметтерді сұраса, телефон тұтқасын бірден қоя салған дұрыс екенін айтады
ERNUR.KZ. Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамуымен алаяқтық әрекеттер де көбейіп келеді. Біреудің банк картасы арқылы сауда жасау, тіпті, есепшоттағы барлық ақшаны ұрлап кету фактілері де аз емес. Киберқауіпсіздік саласындағы кәсіби мамандармен алаяқтардан қорғанудың негізгі жолдарын айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Аңқау болмаңыз
Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіқалықов алдымен аңқау болмауға кеңес беріп отыр. Себебі алаяқтардың қармағына түсетін адамдардың көбісі құпия мәліметті өздері айтып қояды.
"Мысалы, біреу "банк қызметкерімін" деп, сізден PIN кодты немесе картаның артындағы CVC кодты сұраса, оны ешқашан және ешкімге айтпаңыз. Ондай мәліметтер банк қызметкеріне де айтылмайды. Осыны ұмытпау керек. Меніңше, бұл – басты мәселе", - деді Әбдіқалықов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Маманның айтуынша, біреулер қоңырау шалып, жеке мәліметтерді сұраса, телефон тұтқасын бірден қоя салған дұрыс. Сосын банктың өзіне хабарласып, мәселенің мән-жайын білуге болады.
Бұдан бөлек, банкоматты пайдаланғанда сыртқы өзгерістердің бар-жоғына баса назар аударған жөн. Өйткені алаяқтар банкоматтың пернетақтасы мен карта салынатын жеріне тура сондай өз құрылғыларын орнатып қоюы мүмкін.
"Сонда сіз банк картасын салғанда ол құрылғылар бірден барлық жеке мәліметіңізді сақтап қалады. Одан кейін алаяқтар картаның көшірмесін жасап, ақшаңызды оп-оңай алады. Сондықтан банкоматтың тұрған жеріне және артық құрылғылардың бар-жоғына баса мән берген дұрыс. Пернетақта қалың болса, ал карта салынатын жері ішке қарай тым қатты кіріп тұрса, басқа банкоматты пайдаланған жөн. Жалпы, бүгінде банк картасымен емес, мобильді қосымша арқылы төлем жасаған қауіпсіз", - деп атап көрсетті Әбдіқалықов.
Компьютер мен телефонды тексеріп тұрыңыз
Алаяқтар вирусты тарату арқылы кез келген адамның компьютері мен смартфонына кіре алады. Сөйтіп, интернет-банкингті бұзып, ақшаны ұрлайды.
"Иә, ондай вирустар "Троян бағдарламалары" деп аталады. Олар интернет арқылы компьютерге де, смартфонға да кіре алады. Ал компьютерде немесе смартфонда интернет-банкинг болса, алаяқтар есепшоттағы ақшаны ұрлап кетуі әбден мүмкін. Себебі Троян бағдарламаларында "пернетақта тыңшысы" бар. Бұл дегеніміз, сіз пернетақтамен PIN кодты басқанда бағдарламада бәрі сақталып қалады. Осылайша, алаяқтар сіздің жеке кабинетіңізге де кіріп кетеді", - дейді Әбдіхалықов.
Маманның сөзіне қарағанда, компьютер мен смартфонда вирусқа қарсы бағдарлама болуы қажет. Ондай қорғанысы жоқ құрылғымен интернетке шығуға болмайды. Себебі Троян бағдарламасы автоматты түрде орнатылып кетеді. Ол үшін бір нәрсені басудың да қажеті жоқ.
"Мысалы, мен өзім вирусқа қарсы бағдарлама болмаса немесе ондай бағдарлама жаңартылмай тұрса, интернетке мүлдем кірмеймін. Сондықтан смартфонға да вирусқа қарсы бағдарламаны орнатып қойған дұрыс. Ондай бағдарламалар көп, тегін нұсқалар да бар. Вирусқа қарсы бағдарлама болса, Троянның өтіп кетуі екіталай", - деп атап көрсетті Әбдіқалықов.
Жеке құжатты WhatsApp-пен жібермеңіз
Мамандар WhatsApp сияқты мессенджерлер арқылы жеке құжаттардың фотоларын да жіберуге болмайды деп отыр. Өйткені алаяқтар адамның атынан кредит рәсімдеп алуы әбден мүмкін.
Банктер арқылы алаяқтық әрекет жасау қиын. Себебі жеке куәліктің фотосымен несие берілмейді. Банкте құжаттың иесі өзі келуі тиіс. Ал микроқаржы ұйымдары ақшаны көптеп беруге тырысады. Сол кезде алаяқтық әрекетке жол берілуі мүмкін.
"Сондықтан WhatsApp-пен жеке құжаттардың фотосын жібергеннен кейін бірден жойып тастаңыз, я болмаса, мүлдем жібермеуге тырысу керек. Өзіңіз апарып беріңіз. Мысалы, бір туысыңызға сеніп, оған жеке құжаттың фото нұсқасын жібердіңіз дейік. Ол адам қауіпсіздік шараларын сақтамайды, смартфонына Троян бағдарламасы кіріп кеткен. Сонда хакерлер сіздің телефоныңыздан емес, туысқаныңыздың смартфонынан жеке құжатыңызды ұрлап кете алады", - дейді Руслан Әбдіқалықов.
Wi-Fi-ға сақ болыңыз!
T&T Security компаниясының директоры Арнұр Тоқтабаев жеке мәліметтерді толтыруды сұрайтын сан алуан сайттармен абай болуға кеңес беріп отыр. Себебі алаяқтар банк сайтының көшірмесін, я болмаса, мобильді қосымшасының көшірмесін жасап, адамның жеке мәліметтерін қолға түсіруі мүмкін. Ойын сайттары да банк картасымен төлем жасауды сұрап жатады.
"Банк картасын және оның артындағы СVV-кодты сұрайтын сайттарға көп сене бермеңіз. Порталдың қолтаңбасын тексеріп алған дұрыс. Куәлігі бар ма? Жоқ па? Порталдың атауы мен куәліктегі мәліметтер сәйкес болуы шарт", - деді Тоқтабаев.
Оның айтуынша, қоғамдық жерде отырғанда Wi-Fi-ға сақ болу керек. Себебі хакерлер Wi-Fi нүктені айырбастап, оны дәмхананың нүктесі ретінде көрсете алады. Ал адам банк есепшотына кіргенде өзі білмей, барлық мәліметтерін алаяқтарға жіберіп қояды.
"Сондықтан Wi-Fi-ға қосылғанда алдымен нүктелердің атауларын қарап шыққан дұрыс. Атауы бірдей Wi-Fi болмауы керек. Жалпы, мен өзім мобильді интернетпен ғана жұмыс істеуге тырысамын. Өйткені 4G байланысы арқылы алаяқтық әрекет жасау өте қиын. Оны провайдердің өзі ұсынады және желі үшін жауап береді. Банк картасын да, портмоне де ұстамаймын", - деп атап көрсетті Тоқтабаев.