Екі құлып болған: Астанадағы қайғылы өртке қатысты тың дерек шықты

0
129

​Өрттен кейін зардап шеккен кіреберіс пен қабатта жөндеу жұмыстары жүргізіледі.


Екі құлып болған: Астанадағы қайғылы өртке қатысты тың дерек шықты

фото:baq.kz.

ERNUR.KZ. Астанада Түркістан көшесіндегі тұрғын үй кешенінде түнде болған өрттен кейін 16 адам уақытша қонақүйге орналастырылды. Олардың пәтерлерінен зақым анықталмаған, желдету жұмыстары аяқталған соң тұрғындар үйлеріне қайта орала алады, деп жазады baq.kz.

Өрт 15-қабаттағы пәтерден шыққан. ТЖД мәліметінше, алғашқы бөлімшелер жеткен кезде жалын пәтердің бүкіл аумағын шарпыған. Есік екі құлыппен жабылғандықтан, құтқарушылар оны арнайы құралдардың көмегімен ашуға мәжбүр болған.

Өртті сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден бір әйел құтқарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Оқиға орнынан кәмелетке толмаған үш баланың денесі табылды.

Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шығып кеткен. Өрт толықтай сөндірілді.

ТЖД нақтылауынша, өрт дабылы жүйесі іске қосылып, лифтілер автоматты түрде бірінші қабатқа түскен. Аулаға кіру тұрақта тұрған көліктер мен жабық қақпаға байланысты қиындағанына қарамастан, өрт сөндірушілер жалынның көрші пәтерлерге таралуына жол бермеді.

Есіл аудандық әкімдігі демеушілердің қолдауымен зардап шеккен кіреберіс пен қабатта жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Қаза тапқандардың туыстарына жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға көмек көрсетіледі.

Өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, өрттің шығу себебін анықтау үшін сараптамалар тағайындалды.