«СҚ-Фармация»: Дәрілер енді ай сайын берілетін болады

0
201

Сапар «Viamedis» медициналық ұйымынан басталды.


«СҚ-Фармация»: Дәрілер енді ай сайын берілетін болады

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес Ақмола облысына жұмыс сапары аясында пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі проблемаларды шешу бойынша жедел әрі жүйелі шаралар қабылданды, деп жазады baq.kz.

«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков 2025 жылғы 12 шілдеде Көкшетау қаласына сапары барысында медициналық ұйым мен жалпы облыстағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің нақты жағдайымен танысу үшін мониторинг жүргізді. Негізгі мақсат – пациенттердің үнін естіп, әрекет ету және нақты ахуалды бағалау.

Сапар «Viamedis» медициналық ұйымынан басталды. Бірыңғай дистрибьютордың басшысы мұнда дәрілік заттарды сақтау, тарату шарттарымен, логистикамен және пациенттермен өзара әрекет ету тәртібімен танысты. Бұған дейін бұл мекеме бойынша халық тарапынан кезектер мен шамадан тыс жүктемеге байланысты шағымдар түскен болатын.

Іс-шараға облыстық Денсаулық сақтау басқармасының, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің, Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының және «СТОФАРМ» ЖШС өкілдері қатысты.

Айта кету керек, 2025 жылға «Viamedis» ұйымы 1,7 млрд теңгеге 270 атаулы дәрі-дәрмекке тапсырыс беріп, қосымша қажеттілік ретінде тағы 262,2 млн теңгенің өтінімін жолдаған. 12 шілдедегі жағдай бойынша жылдық көлемнің 80%-ы жеткізілген, ал медициналық ұйымнан жеткізілім бойынша шағымдар болмаған.

Медициналық ұйымды аралау кезінде пациенттердің негізгі наразылықтарының бірі – дәрі-дәрмектің әр үш айда бір рет берілуі екені анықталды. Осыған байланысты, «СҚ-Фармация» бастамасымен және Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 2025 жылғы 1 тамыздан бастап дәрілер ай сайын берілетін болады. Бұл шешім пациенттер ағынын дұрыс бөлуге және кезектерді азайтуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, «Viamedis» өкілі жеткізілімдердің біркелкі еместігін айтты: дәрілер белгіленген кесте бойынша жіберілсе де, кейбір позициялар бірнеше бөлікпен, көбіне тоқсан соңына қарай ғана жеткізіледі. Бұл қызметкерлерге қосымша жүктеме тудырып, дәрілердің уақытша жетіспеушілігіне алып келеді. Осы мәселеге байланысты Нұрлыбек Асылбеков «СҚ-Фармацияның» логистика басқармасына барлық жеткізушілермен келісіп, дәрілерді әр айдың алғашқы онкүндігінде, яғни 15-іне дейін толық көлемде жіберу үшін кестені қайта келісуді тапсырды. Форс-мажор жағдайында мерзімді 20-на дейін шегеру рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, дәрі-дәрмекті беру бір ғана терезе арқылы жүргізіліп отырғаны анықталды, бұл өз кезегінде пациенттер үшін қолайсыздық туғызуда. Бірыңғай дистрибьютор басшысы дәріхана пунктінде кемінде екі терезе ашуды және келушілер күнін теңдей бөлу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Бұл ұсынысты Денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйым да қолдады. Қабылданған шешімдердің орындалуын облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бақылайтын болады.

Облыстағы өзекті мәселелер талқылауы Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасында жалғасты. Онда нақты проблемалар көтеріліп, жүйелі шешу жолдары ұсынылды. Әсіресе, логистикалық инфрақұрылым мәселелері қозғалды. «СҚ-Фармация» басшысы кейбір өңірлерде қойма алаңдарының жетіспеушілігі дәрі-дәрмектерді тұрақты әрі уақытылы жеткізуге кері әсер ететінін атап өтті.

«СТОФАРМ» өкілі де шұғыл жағдайдағы науқастар үшін медициналық ұйымдардан күтпеген, жоспардан тыс тапсырыстардың түсуі жоспарлы жеткізілімдердің болжамдылығын төмендетіп, тәуекел тудыратынын жеткізді.

Сондай-ақ, бірқатар дәрі-дәрмектер бойынша тапшылық мәселесі көтерілді. Өңірде 8 дәрі-дәрмек позициясы бойынша дефицит анықталды. Олар тұтыну көлемінің аздығы және төмен баға ұсынылуы себебінен жеткізушілер үшін қызықсыз болғандықтан сатып алынбаған.

«Бүгінде облыста операциялық қойма болмауы Астана қаласындағы хабқа үлкен салмақ түсіруде. Қазіргі таңда бұл хаб бірден төрт операциялық қойманы қамтамасыз етуде, бұл дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтуды қиындатады. Қойма мәселесін шешу үшін қызметтерді сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде, олар шамамен тамыз айына қарай аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде тиісті шаралар қабылданатын болады.

Сонымен бірге, өтінімдердің сапасына да ерекше көңіл бөлу керек. Дұрыс жоспарланбаған қажеттілік бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына әкеледі. Егер дәрілерден бас тарту жағдайлары көп болса, бұл өңірлік өкілдердің медициналық ұйымдармен тиімді жұмыс жүргізбегенінің белгісі.

Осыған байланысты, облыстағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін өңірлік өкілдік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және логистика басқармалары бақылауға алып, апталықнегізде есеп беріп отыруы тиіс, – деді Нұрлыбек Асылбеков.

Нәтижесінде келесі жүйелі шешімдер қабылданды:

• Бірыңғай дистрибьютор сақтау қызметтерін сатып алуға бастама жасап, конкурс 1 тамызға дейін аяқталады деп жоспарлануда;
• Серіктестіктің логистика басқармасына, Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасына және «СТОФАРМ» ЖШС-не шұғыл және жоспарлы жеткізілімдер арасындағы тепе-теңдікті сақтау механизмін әзірлеу тапсырылды;
• қазіргі уақытта төмен бағаларды қайта қарау бойынша ҰДДСҰ тапшылықты жою мақсатында бағаларды өзектендіру жұмыстарын жүргізуде;
• дефицитті дәрі-дәрмектер бойынша үш жылдық қажеттілікті тікелей өндірушілерден немесе БҰҰ-ның халықаралық ұйымдары арқылы сатып алу ұсынысымен Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолданды;
• жеткізу көлемін арттыру және жеткізушілер үшін тартымдылығын жоғарылату мақсатында ТМҰ елдерімен біріктірілген сатып алулар жүргізу мүмкіндігі қарастырылуда;
• «СҚ-Фармация» ЖШС өңірлік өкілдерінің Денсаулық сақтау басқармасының апталық жиналыстарына қатысуы және сол мекемеде тұрақты орналасуы жөнінде шешім қабылданды.

Талқылау барысында айтылған барлық ұсыныстар Денсаулық сақтау басқармасымен, медициналық ұйымдармен және пациенттік қауымдастықтармен тығыз байланыста тұрақты бақылауда болады. Компания дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету сапасын арттыру, логистика кестесін нақты және тұрақты жүргізу, медициналық ұйымдармен тиімді жұмыс жүргізу және процесстердің ашықтығын нығайту жұмыстарын жалғастырады.