Петропавлда 14 қыркүйек күні 35 жастағы жұмысшы құрылыста мерт болды, оның үстінен топырақ басып қалған.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы құрылыста топырақ астында қалып қаза тапқан жұмысшыға қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.
Петропавлда 14 қыркүйек күні 35 жастағы жұмысшы құрылыста мерт болды, оның үстінен топырақ басып қалған.
Басқарманың еңбекті қорғау және қауіпсіздікті бақылау бөлімінің басшысы Азат Күшербаевтің айтуынша, оқыс оқиға облыс орталығындағы ликер-арақ зауытының аумағында болған.
Жұмысшы траншея қазып жатып, опат болған.
«Қаза тапқан Сергей Шевердин «Пичевский» кәсіпорнында әртүрлі жұмыс істеп келген. 14 қыркүйек күні Петропавл ликер-арақ зауытының аумағында сағат 20.00-ге дейін кәріз құбырын тартқан. Жұмыс күні аяқталғаннан кейін барлығы киім ауыстыруға кеткен. Ал Шевердин жұмыс орнында телефонын ұмытып кеткендіктен қайтып келген», — дейді Азат Күшербаев.
Сергей жарты сағат ішінде қайтып келмегендіктен, басқа жұмысшылар оны іздеп барған. Келген кезде топырақтан ер адамның қолы шығып тұрған. Келген жедел жәрдем қызметі ер адамның өміріне араша түсе алмады.
«Пичевский» ЖК мемлекеттік еңбек инспекциясына арнайы тексеріс жүргізу үшін оқыс оқиға жайында хабарлады. Тергеу қорытындысы кейін жарияланбақ.