Солтүстік Қазақстан облысында шенеуніктер қызметтік көлікпен орманға демалуға шыққан

0
69

Жергілікті қоғам белсендісі көргендерінің бәрін ұялы телефонына түсіріп алған.


Солтүстік Қазақстан облысында шенеуніктер қызметтік көлікпен орманға демалуға шыққан

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында Жамбыл аудандық бөлім басшысы Дархан Смаилов қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланып, орманда демалу кезінде әдеп кеңесінің назарына ілікті, деп жазады stan.kz.

Жергілікті қоғам белсендісі көргендерінің бәрін ұялы телефонына түсіріп алған. Белсендінің кадрларына от жағып отырғандар мен айналаға тасталған қоқыс түсіп қалған. Мұндай әрекетке наразы болған азамат, әсіресе, әкімдікке тиесілі мемлекеттік нөмірлі көлікті көрген соң, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, тиісті органдарға хабарласқан. Ол болған оқиғаны мемлекеттік қызмет істері департаментіне жеткізді.

Оқиға 17 шілде күні кешкі сағат сегіздер шамасында болған. Ол кезде жұмыс уақыты аяқталып қойған еді. Кейбірі шатыр ішінде ас ішіп отырса, енді біреулері орман табиғатынан ләззат алып отырған.

Бұл жағдай Жамбыл ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дархан Смаиловқа қатысты болып отыр. Сол күні ол жүргізушісіз болып, жаңа KIA Rio автокөлігін өзі айдаған. Айта кетейік, оның жеке көлігі жоқ.

Шенеунік ол күні алкогольді ішімдік ішпеген. Дегенмен қызметтік автокөлікті жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін жеке мақсатта пайдаланғаны үшін заңға сәйкес жауап беруіне тура келеді.

Мемлекеттік қызметшілердің ормандағы отырысына байланысты бүгін өткен әдеп жөніндегі кеңес отырысында Дархан Смаиловқа қатаң сөгіс беру ұсынылды. Кеңес мүшелері бейнежазбаны өз көздерімен көрді.

"2025 жылдың 17 шілдесінде сағат 19:32-де Дархан Смаилов пен Жамбыл ауданы әкімдігінің бірнеше қызметкері Пресновка ауылы маңындағы орман алқабында болған. Тексеру барысында қызметкерлердің өзі де бөлім басшысының демалыс орнына қызметтік көлікпен барғанын растады", – деді мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Әсемгүл Бегалина.

Смаилов кінәсін мойындап, қатты өкінгенін жеткізді.

"Әкімдіктерге жаңа көліктер берілді, ал оларды жеке меншік мүлкіндей пайдаланып жүр. Бұл мәселеге қатаң бақылау қажет. Жұмыс уақытынан тыс көліктер гаражда тұруы керек, барлық көлікке GPS қою керек. Әйтпесе, олармен нанға да барады, қайда керек болса, сонда айдайды", – деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, этика кеңесінің төрағасы Ержан Қарымсақов.

Этика кеңесі Смаиловқа қатаң сөгіс жариялауды бірауыздан қолдады.