550 мың гектарға жуық мемлекеттік орман қоры қалыптасқан.
Қазақстандағы қай өңірді алып қарасақ та өзіндік климаты және географиялық орналасуына сәйкес табиғи ресурстарға ие. Бұл саладағы ең маңызды мәселе – сол табиғи байлықтарды қорғау және тиімді пайдалану. Сәйкесінше қазіргі уақытта мемлекет тарапынан аталған проблемаға ерекше көңіл бөлініп, көптеген жұмыс атқарылуда. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, біршама мәліметті назарларыңызға ұсынбақпыз.
Жасыл белдеуі ерекше жайқалған СҚО-да бүгінде аумағы 550 мың гектарға жуық мемлекеттік орман қоры қалыптасқан. Оның төрт жүз мың гектардан астамы нағыз орман санатына жатқызылады. Бұл аумақтар өңірге қарасты он екі орман шаруашылығына бөлінген және бір жануарлар әлемін қорғау шаруашылығы қызмет етеді. Бұл шаруашылықтарда орманды өрттен қорғау үшін жүйелі түрде кезекшіліктер ұйымдастырылып, тілсіз жауға қарсы күресетін барлық құрал-жабдық әзірленген. Бүгінгі таңда өңірдегі орман шаруашылықтарында жиырмада аса өрт сөндіру машинасы, тоқсаннан аса трактор, рейд жүргізуге арналған көліктер және басқа да техникалар бар екен. Одан бөлек өрт орын ала қалған жағдайда оны жылдам аңғару үшін онға жуық мұнара, он алты заманауи бақылау тақтасы орнатылған. Ал өрт сөндіруге он бес бекет және күнделікті жағдайды бақылауға бірнеше дрон қолданылады. Өткен жылы тілсіз жаудың алдын алу мақсатында орман алқаптарында мың шақырымнан аса минералды жолақ дайындалған. Жалпы орманшылар жиырма бес мың шақырымнан аса топырақ жолаққа тұрақты түрде күтіп жасап отырады. Сонымен қатар, көршілес жатқан Ресей Федерациясының бірнеше өңірімен келісім жасалып, өзара іс-қимыл жоспары түзілген.
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты орман шаруашылықтарында тәртіп сақтау жүйесі де ретке келтірілген. Осы орайда жүргізілген профилактикалық жұмыстар аясында биыл жетпіске жуық тәртіп бұзушылық анықталып, заңға бағынбағандарға екі миллион теңгеге тарта айыппұл салынған.
Одан бөлек, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүсік Қазақстан өңіріне екі млрд. түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауқымды жоспар қабылданған. Бұл жоспардағы іс-шаралар «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылып жатыр. Нақтырақ айтсақ, былтырғы жылы төрт мың гектардан аса аумаққа ағаш егу жоспарланып, он сегіз миллион түпге жуық ағаш-бұта көшеті отырғызылған. Сонымен бірге, былтыр орман алқабынан 450 мың текше метр көлемінде ағаш әзірленіп, орман қорын пайдаланғандар мемлекет қазынасына 386 миллион теңге төлем өтеген. Жалпы, былтыр ағаш материалдарды өңдеу және дайындау жұмыстарымен он бес орман пайдаланушы айналысқан. Бұл тұрғыда әр жыл сайын орман пайдаланушылар жүз-жүз отыз мың текше метр ағаш дайындайтынын және бұл көрсеткіштің артып келе жатқанын айта кету керек. Осы орайда орман қоры тек ағаш өндірушілерге ғана емес, азаматтарға жайлы демалыс сыйлайтын пайдаланушыларға да берілетінін айта кету керек. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстармен жиырмадан аса ұйым қызмет көрсетеді.
Солтүстік Қазақстанда балық шаруашылығын дамытуға да ден қойылған. Жалпы бүгінде өңірде 2400-ден аса су айдыны бар болса, оның алты жүзге жуығы балық шаруашылығын дамытуға қолайлы орындар қатарына енгізілген. Оның жартысынан астамы балық шаруашылығымен айналысатындарға берілсе, қалғаны қосымша қорда тұр екен. Сонымен қатар, балық аулаушылар да арнайы рұқсатпен әрекет етеді. Атап өтсек, былтыр балық аулаушыларға үш жүзден аса рұқсат қағазы берілсе, елуден аса рұқсат балық дүниесін зерттеушілерге берілген.
Ал өңірдегі аңшылыққа арналған аумақ елуге жуық учаскіге бөлініп, қырықтан астамы аңшылық ісімен айналысатындарға берілген екен. Сәйкесінше, жыл сайын өңірде әуесқой аң аулауға қызығатындар үшін екі мыңға жуық рұқсат беріледі екен. Дегенмен,облыс аумағына қарайтын қорықшылар аң аулау және балық аулау ережелерін бұзу бойынша кемінде елу-алпыс олқылық анықтайтын көрінеді.
Солтүстік Қазақстан өңіріндегі су көздерін барлық санитарлық, эпидемиялогиялық және экологиялық аталаптарға сай жағдайда ұстау да басты назарда. Мәселен, біршама уақыт бұрын Есіл өзенінің ірі салаларының ластануын, сарқылуын және бітелуін болдырмау мақсатында тиісті іс-шаралар жүргізілген. Сонымен қатар, өзендер, көлдер мен су қоймаларында жайсыз жағдайдың алдын алу мақсатында су айдынын қорғау белдеулері орнатылған. Ал өңір басшылығы қажетті қаулыларды қабылдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл бағытта жалпы жеті жүзден аса су қорғау белгісі орнатылған. Сонымен бірге су көздерін қорғау және тазарту жұмыстарына өңірдегі студенттер, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік қызметшілер, журналистер тартылып, экологиялық науқандар өтізіліп келеді.
Ал, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау бағытында төрт жүз елі нысан әзірленген. Оның 350-ден астамы құжаттандырылған және оннан аса полигонға арнайы рұқсат қағазы берілген. Сонымен қатар, қазіргі уақытта бей-берекет қоқыс алаңдарының пайда болуын болдырмау мақсатында Ақжар, Аққайың, Жамбыл, М. Жұмабаев, Мүсірепов, Тайынша, Уәлиханов сынды аудандарға қарасты елді мекендер аумағына онға жуық қатты тұрмыстық қалдық полигонын салу бойцынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Сондай-ақ, өңірде көптеген экологиялық проблемалардың алдын алу мақсатында қолға алынған әлемдік іс – қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 2021 жылы қоқысты өңдеу көрсеткіші үш қана пайызды құраса, 2022 жылы он сегіз, ал былтыр жиырма пайызға жеткен. Бұл тұрғыда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтап, сұрыптап, қайта кәдеге жаратумен оннын аса кәсіпорын айналысып жатыр. Мәселен, аталған компаниялар қоқысты сұрыптап жинау мақсатында өңір орталығы мен ірі аудан, қалаларға көптеген заманауи контейнерлер орнатқан. Атап айтсақ, шыны, қаңылтыр мен картон бір бөлек жиналса, құрылымында сынабы бар құралдар бір бөлек, қағаз қалдықтар да жеке жинақталады. Ал қайта өңделіп, кәдеге жаратылған шикізатты жеті нысан қабылдайды. Атап айтсақ, бүгінгі таңда өңірдегі Қызылжар, Мамлют, Айыртау, Аққайың, Есіл, Тайынша аудандарының орталықтарындағы бизнес өкілдері қайталама шикізатпен айналысып жатыр. Оған қоса, өткен жылы ғарыштық бақылау арқылы анықталған үш жүзге жуық заңсыз қоқыс алаңы түгелдей жойылып, мәселе толық ретке келтірілген.
Сонымен бірге, өңңірдің экологиялық ахуалын реттеу бағытында былтырғы жылы жетпіске жуық сараптама қорытындысы алынып, жартысынан астамына рұқсат берілген. Осы орайда қоршаған ортаға білгілі бір деңгейде әсер ететін үшінші санаттағы нысандарға қатысты жүз елуге жуық декларация қабылданған. Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаменті хабарлағандай, былтыр қоршаған ортаға экологиялық әсер тигізушілерден өңір қазынасына екі жүз миллион теңгеден аса салым түскен. Сондай-ақ, экологиялық ахуалды реттеу процесінде өңірде бірнеше жылдан бері қоғамдық тыңдаулар өткізіліп келеді. Мәселен, былтыр Солтүстік Қазақстан облысында екі жүзге жуық қоғамдық тыңдау өткізіліп, көптеген мәселе көтерілген. Аталған бағыттағы жұмыстар, нақтырақ айтсақ қоғамдық тыңдау өткізілетін уақыт пен мекенжай, хаттамаларды енгізу арнайы портал арқылы атқарылады. Атап өтсек, бұл бағыттағы жұмыстарды экологиялық реттеу және бақылау комитеті мен комитеттің бөлімдері өздеріне берілген құзіреттер шегінде атқарады.
Тағы бір айта кетерлік жаңалық – бірнеше күн бұрын өңірдегі табиғат жанашырлары экологиялық науқан бастап, «Тазақ Қазақстан» республикалық акциясын жалғасытырып жатыр. Бұл істі ұйымдастырып, жүзеге асыруға өңірдегі белсенді ерікті жастар мен жастар орталығының өкілдері белсене атсалысқан. Мұндағы мақсат – тұрғындарды қоршаған ортаға деген жанашырлығы мен ұқыптылығын арттырып, облыс аумағындағы құнды жәдігерлерді сақтап қалу. Акцияға қатысушылар экологиялық санасын сілкінтіп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, азаматтық парыздарын көпшілікпен бірге атқаруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, экологиялық науқан шеңберінде арнайы дәрістер, семинарлар өткізіледі. Аталған бағыттағы игілікті, қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы жұмыстар жалғасын тауып, көпшіліктің экологиялық мәдениетін нығайтады деген сенім мол.
Б.Мейірханұлы,