Соңғы 10 жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеді

0
191

Елімізде қатерлі ісік ауруларына шалдыққан 236 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда тұр.


Соңғы 10 жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеді

ERNUR.KZ. Жыл сайын 41 мыңнан астам науқасқа онкологиялық аурулар диагнозы қойылады. Жыл сайын онкологиялық науқастардың саны 5-6%-ға өседі, жалпы, сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Қатерлі ісік ауруының өсуі – бұл әлемдік тенденция, оның бір себебі – халықтың қартаюы, сонымен қатар қазіргі өркениеттің көптеген факторының әсері, яғни дене қозғалысы белсенділігінің төмендігі, дұрыс тамақтанбау, генетикалық және соматикалық мутацияларды жүзеге асыру. ҚазОРҒЗИ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов ОКҚ алаңында өткен брифингте осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы 10 жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 63 жағдай тіркелді.

«Әйелдер ерлерге қарағанда қатерлі ісікке жиі шалдығады, бұл әйелдердің қатерлі ісігінің кең таралуы – сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі. Алайда қайтыс болғандардың 53%-ы өкпе мен асқазан қатерлі ісігіне шалдығатын ер адамдар – бұл аурулардың өлім-жітім деңгейі жоғары. Егер Қазақстандағы онкологиялық аурулардың таралуын басқа елдермен, мысалы, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстыратын болсақ, онда біздің елімізде онкологиялық аурулармен сырқаттану мен өлім-жітім әлдеқайда төмен», – деді спикер.

Сонымен қатар ісіктерді кеш анықтау мәселесі сақталып отыр, бұл ерте диагностика шараларын күшейту қажеттілігін көрсетеді. Қазақстанда 2008 жылдан бастап жатыр мойны, сүт безі, тоқ ішек қатерлі ісіктерін ерте анықтау бойынша скринингтер енгізілді. Жыл сайын осы бағдарлама бойынша 2,8 млн-ға жуық адам қамтылады, бұл 230 мыңнан астам қатерсіз және ісік алды ауруларын анықтауға, емдеу тиімді болатын ерте кезеңдердегі қатерлі ісіктердің 2800-ден астамын диагностикалауға мүмкіндік береді.

Скринингтердің тиімділігін арттыру мақсатында онкоскринингтерге нысаналы топтарды қамтуды 2028 жылға қарай тиісті халықтың 90%-на дейін жеткізу жоспарда. Заманауи тестерді пилоттық сынау жүргізілуде: бастапқы АПВ, жасанды интеллектпен маммография, ферменттік гемокульт-тест. Сынақтан сәтті өткен жағдайда олар скрининг алгоритміне енгізуге ұсынылады. Үш қалада (Астана, Шымкент және Өскемен) ақпараттық-коммуникациялық және талдамалық жұмысты күшейтіп, елдің басқа медициналық ұйымдарына оң тәжірибені одан әрі кеңейте отырып, скринингтің бірінші кезеңін орталықтандыру бойынша пилоттық жобалар іске қосылуда.