Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл және салалық министрліктермен бірлесіп 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі.
ERNUR.KZ. Бүгінде Қазақстан - балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты стратегияны әзірлеген санаулы елдердің бірі. Алғаш рет балалардың құқықтарын қорғау саласындағы барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламалар тұжырымдамаға біріктірілді. Қазір елімізде шамамен 7 млн бала бар, бұл жалпы халық санының 34%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда балалар саны 1,5 млн-ға артты. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, балалардың әлеуметтік және құқықтық қамтамасыз етілуі саласында іргелі реформалар және заңдар қабылданып, жүзеге асуда.
«Осы бағытта атқарылған жұмыс нәтижесінде маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. ЮНИСЕФ аймақтық директоры Қазақстанды балалар құқықтарын қорғау саласында Орталық Азия аймағы елдері үшін ғана емес, бірқатар Еуропа елі үшін де үлгі екенін атап өтті. Қазақстан –балалардың ұлттық игіліктерге қолжетімділігін қамтамасыз еткен алғашқы елдердің бірі. Президент бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы жыл сайын 18 жасқа толмаған барлық баланың есепшотына түседі. Жинақталған қаражат оқу ақысын төлеуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған», – деді спикер.
Соңғы үш жылда балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған 10 заң қабылданды. Балаларға қатысты қылмыстар үшін жаза күшейтілді, зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидаты енгізіліп, қауіпсіздік инфрақұрылымы қалыптастырылды. «Қазақстан халқына» қоры балаларға арналған шамаммен 120 әлеуметтік жобаны іске асырды.
Сонымен қатар 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылып, жыл сайын «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан әлеуметтік осал отбасылардағы балаларға қолдау көрсетіледі, жалпы алғанда әлеуметтік қолдаудың 49 түрінен тұратын жүйе жүзеге асырылуда.
Тұжырымдаманы іске асыру аясында 2027 жылдан бастап mGov платформасында «Баланың жолы» цифрлық жүйесі енгізіліп, көрсетілетін қызметтер мен қолдаулар осы жүйеде бірегей түрде ұйымдастырылады.
Жиналған тәжірибе мен қол жеткізілген нәтижелер 2030 жылға дейінгі «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеудің негізіне айналып отыр.


