Сот Қазақстандағы уақытты кері қайтару туралы петиция нәтижелерін заңды деп тапты

0
238

Талап қоюшы "Уақытты кері қайтару" петициясын қарау нәтижесін заңсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгінді.


Сот Қазақстандағы уақытты кері қайтару туралы петиция нәтижелерін заңды деп тапты

Фото: pexels.com

ERNUR.KZ. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты уақытты қайтару туралы өтінішті қарау нәтижесін заңды деп таныды, деп жазады stan.kz.

Талап қоюшы "Уақытты кері қайтару" петициясын қарау нәтижесін заңсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгінді. Онда петицияны қарау мен шешім қабылдауда рәсім бұзылғаны көрсетілген. Сот құжаттарды зерттеу барысында мына деректерді анықтады.

“Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес "Уақытты кері қайтару" петициясы тіркелді. Өтініш 50 мың қолдау дауысын жинап, тіркелген. Өтінішті қарау сауда және интеграция министрлігіне тапсырылған. Жұмыс тобын қалыптастыру үшін министрлік өтініш берушіге, Парламентке, мүдделі мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестікке жұмыс тобының құрамына енгізу үшін кандидатуралар жіберуді сұрап хаттар жолдаған. Парламент мәжілісінің 2024 жылғы 14 маусымдағы хатымен жұмыс тобына қатысу үшін кандидаттар Е.А.Әбіл мен М.А.Әбенов ұсынылды”, – деп мәлімдеді сот.

Министрдің 2024 жылғы 21 маусымдағы бұйрығымен петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының құрамы бекітіліп, депутат Е.А.Әбіл жұмыс тобы басшысының орынбасары болып тағайындалған.

“Жұмыс тобының қызметі аясында 2024 жылғы 21 маусымда, 16 шілдеде және 2 тамызда 3 отырыс өтті. 2024 жылғы 02 тамызда өтінішті қарау нәтижелері бойынша өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған. Өтініштерді тіркеу, есепке алу мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

ӘРПК-нің 90-6-бабына сәйкес өтінішті қарау нәтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергілікті өкілді органның төрағасы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

  • Өтінішті толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;
  • Өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы.

Петицияны қарау және ол бойынша шешім қабылдау рәсімі ӘРПК нормаларымен регламенттелген. Петицияны қарау нәтижелері бойынша шешімге дау айту туралы талаптарды қарау кезінде сот оны қарау тәртібі мен мерзімдерінің сақталуына ғана баға береді. Құжатты қарау кезінде рәсім бұзылмағандықтан сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.

“Талап қоюшының белгіленген тәртіпті бұзып, отырыстың төрағасы мәжілісінің депутаты Е.А.Әбілдің болғаны туралы дәлелдерін сот қабылдамады. Себебі Е.А.Әбіл жұмыс тобы басшысының орынбасары болған. Комиссия құрамын қалыптастыру кезінде қандай да бір құқық бұзушылықтар болмаған. Сот шағым түскен шешім мен петицияны қарау жөніндегі әрекеттер заңды, мемлекеттік органның құзыреті шегінде жасалған және рәсімдік бұзушылықтар анықталмаған деген қорытындыға келді”, – делінген сот мәлімдемесінде.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін депутаттар уақыт белдеуі мәселесі мәжіліс отырысында қаралатынын айтты.

1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысты. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтар жарыққа көп шығындалатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған.

Бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік. Ал министрлік бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қанағаттандырмай қойды.