«Сотқа жүгіндім»: Жұлдыз Әбдікәрімова құрылыс компаниясына алданып қалғанын мәлімдеді

0
245

Өнер иесі қазір компаниямен соттасып жатқаны мәлімдеді.


«Сотқа жүгіндім»: Жұлдыз Әбдікәрімова құрылыс компаниясына алданып қалғанын мәлімдеді

фото: azattyq-ruhy.kz.

ERNUR.KZ. Актриса әрі блогер Жұлдыз Әбдікәрімова құрылыс компаниясының алдауына түсіп, өз үйін қайтару үшін сотқа жүгінгенін айтты. Жұлдыз өзінің Instagram желісіндегі жазбасында құрылыс компаниясының іс-әрекеттері туралы мәлімдеп, халықты осындай жағдайлардан сақ болуға шақырды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

2021 жылы Жұлдыз Әбдікәрімова үлкен қуанышпен өз оқырмандарына«TUMARGrandVillage» құрылыс компаниясынан үй алғанын хабарлаған еді. Балаларының «жер үйге көшейік» деген армандарын орындау мақсатында Жұлдыз жер үй сатып алу үшін өз пәтерін сатқан. Сол кезде құрылыс компаниясының өкілі Диляра есімді әйел оның пәтерін інісінің атына жазып, бір жыл ішінде екі қабатты жер үй салып беремін деп уәде еткен. Алайда арада екі жыл өтсе да үйдің құрылысы әлі аяқталмаған.

«Мен пәтерден-пәтерге көшіп шаршадым. Жалдап тұру балаларымның да ашуына тие бастады. 2024 жылдың көктемінде менің үйімнің жақын арада бітпейтінін түсініп, Диляраның алдына бардым. Бұдан артық күте алмайтынымды жеткізіп, өз үйімді қайтарып беруін сұрадым», – деп жазады Жұлдыз.

Әбдікәрімова пәтерін қайтарып беруін талап еткенде, құрылыс компаниясының өкілі пәтерді банкке кепілдікке қойғанын және оны қайтармайтынын айтқан. Сонымен қатар Жұлдыз өзі үйдің құрылысын аяқтауға да дайын екенін білдірген, алайда оған салынып жатқан үйге де, жерге де құжат берілмеген. Сөйтіп, Әбдікәрімова бұл мәселені заңды жолмен шешу үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

«Менің, үйім деп жүрген құрылысты, жерді маған айтпай, «Аграрлы кредиттік корпорацияға» кепілдікке салып жібергенін білдім», – дейді актриса.

Аудандық сотта бұл мәселе қаралса да, сот шешімі Жұлдыздың пайдасына шықпаған. Ол қалалық сотқа апелляция жасап, әділ шешім күтіп отыр. Сонымен қатар, ол өзінің жағдайы арқылы халықты осындай алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Жұлдыз Әбдікәрімова Қазақстанның сот жүйесіне сенім артып, әділдіктің орнайтынына үміттенеді.