Сотталған адамдарды беру, ғарышты игеру: Кореямен жаңа келісімдер бекітілді

0
1 119

Тоқаев ресми кездесуден кейін Қазақстан-Корея тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жеткенін айтты.


Сотталған адамдарды беру, ғарышты игеру: Кореямен жаңа келісімдер бекітілді

ERNUR.KZ. Бүгін Ақордада Қазақстан мен Корея арасында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды, деп жазады baq.kz.

Бүгін "ҚР мен Корея арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт", "2019-2022 жж. арналған "Самал жел" атты жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы", "Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу жəне пайдалану саласындағы меморандум", " Денсаулық сақтау саласындағы "Самал жел" бағдарламасын іске асыру бойынша жоспар" жəне тағы басқа құжаттар бекітілді.


Бұған қоса, Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Корея Президенті Мун Чжэ Ин бірлескен мəлімдеме жасады.

Корея басшысы Қазақстан Президентімен кеше және бүгін екіжақты байланыс пен Орталық Азияның Корей түбегіндегі саяси жағдайды талқылағанын айтты.

"Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Қазіргі сауда, инвестициялар мен инфрақұрылымдағы ынтымақтастық шеңберінен шығып, ІТ, инновациялық-өнеркəсіптік технологиялар, денсаулық сақтау, медицина мен ғарыш салаларында байланысты дамыту керек. Бұған қоса, 2022 жылды "Өзара мəдени байланыстар жылы" деп жариялауға келістік", - деді Мун Чжэ Ин.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан-Корей бизнес-форумына өзінің де қатысатынын жəне осы шара аясында жалпы сомасы 3,2 млрд доллар болатын екіжақты құжаттарға қол қойылатынын айтты.

Атап өтсек, бүгін Қазақстан басшысы Ақордада Корея Президенті Мун Чжэ Ин мен оның жұбайы Ким Чжон Сукті қарсы алған болатын. Тоқаев ресми кездесуден кейін Қазақстан-Корея тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жеткенін айтты. Бұған қоса, Президент Корея басшысына кітап сыйлады.

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті кеше Алматыда корей диаспорасымен кездесіп, театр қойылымын тамашалады. Нұр-Сұлтан қаласына кеше келді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Корея Президенті сапар аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты кездесулер өткізетінін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ, бүгін Мун Чжэ Ин Қазақстан-Корей бизнес-форумына қатысады деп жоспарланып отыр.