Қазір білім ошағында мыңнан астам адамды дәрігерлер тексеріп жатыр.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстанда Ғабит Мүсірепов ауданындағы Новоишим орта мектебінде 6-сынып оқушысынан туберкулез анықталды. Жеткіншек қауіпті дерттің ашық түрін жұқтырған. Балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар онлайн оқуға көшуді сұрады, деп жазады Stan.kz.
Қазір білім ошағында мыңнан астам адамды дәрігерлер тексеріп жатыр. Білім басқармасының мәліметінше, 12 жастағы балаға диагноз үш күн бұрын қойылған. Оқушы қазір ауруханада тиісті ем-домын алып жатыр. Жадғайы қалыпты.
Осы оқиғадан кейін мектепте дезинфекциялық жұмыстар да жүргізілген. Әзірге өкпе ауруы өзге оқушылардан табылмаған. Ұл-қызының денсаулығына алаңдаған ата-аналар онлайн оқуға жіберуді сұрады. Бірақ жауаптылар алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.
“Бүгінгі күні сабақтар бір кабинет жүйесімен өтіп жатыр. Яғни, балалар бір кабинеттен екінші кабинетке ауыспай оқиды. Біз барлық алдын алу шараларын жүргіздік. Қашықтан оқуға негіз жоқ. Бала 29 сәуірден бастап мектепте жоқ. Мамыр айы бойы да мектепте болмаған”, – деді СҚО Білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.