Ғарышкерлер халықаралық ғарыш станциясында 7 ай болып, Жерге оралды.
ERNUR.KZ. "Союз МС-11" басқарылатын ғарыш кемесінің жерге қону аппараты Қазақстанға түсті, - деп жазады Tengrinews.kz.
"Союз МС-11" кемесінде ресейлік Олег Кононенко, канадалық Давид Сен-Жак пен америкалық Энн Макклейн болды. Олар Халықаралық ғарыш станциясында 7 ай болып, Жерге оралды.
Ғарышкерлер жердің гравитациясына үйренуі үшін арнайы креслода отырып, кейін скафандрды шешу үшін медициналық палатаға барды.
Бұған дейін "Союз МС-11" "Поиск" модулінен кеткені хабарланған болатын. Станцияда ресейлік Алексей Овчинин мен америкалық ғарышкерлер Ник Хейг және Кристина Кук қалды.
Кононенко, Сен-Жак пен Макклейн ХҒС-ке 2018 жылдың желтоқсанында ұшып келген еді. Олардың ұшуы барысында станцияда Crew Dragon, "Прогресс МС-11" жүк кемесі, Cygnus және Dragon басқарылмайтын кемелер болған. Осы сапар барысында олар станция сыртына бес рет шықты - екеуі ресейлік, үшеуі америкалық бағдарлама бойынша. ХҒС бортынан манипулятор арқылы кіші спутниктер ұшырылды, ал "Прогресс" жүк кемесінің қозғалтқыштарын қолдану арқылы станция орбитасы көтерілді.