Қайталап құқық бұзғаны үшін жаза арқалады
фото: sputnik.kz
Түркістан облысында тікелей эфирде бейәдеп сөздер айтқан әйел қайталап құқық бұзғаны үшін айыппұл арқалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының полицейлері TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир барысында бейәдеп сөздер қолданып, қоғамдық тәртіпті бұзған әйелді анықтаған.
Тексеру барысында Жетісай қаласының 32 жастағы тұрғынының өз парақшасында тікелей эфирге шығып, көпшілікке әдепсіз сөздер айтқаны белгілі болды.
Моншада пилинг жасау қызметімен айналысатын әйелдің жеке басы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, тікелей эфир барысында қоғамдық тәртіп пен моральдық-әдеп нормаларын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
«Алайда оның бұл әрекеті алғашқы құқық бұзушылығы емес. Бұған дейін де ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты бұл жолғы әрекеті құқық бұзушылықтың қайталануы ретінде бағаланып, әкімшілік іс сотқа жолданды. Сот қаулысымен құқық бұзушыға 86 мың теңге айыппұл салынды», - деп хабарлады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.


