«Спутник V» салғызғандар бірер жылдан соң қайта ревакцинацияланады

0
568

​Ресейлік вакциналарға қатысты өзгерістер елде алаңдаушылық туғызуда.


«Спутник V» салғызғандар бірер жылдан соң қайта ревакцинацияланады

ERNUR.KZ. Вакцина көршінікі болғандықтан, түзетулер де сол жақтан келуде. Осы салаға жауапты меморган – «Роспотребнадзор» қазір егілген азаматтарға бір не бірер жылдан соң коронавирусқа қарсы қайталап егілуге тура келуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

«Бұл ретте «Спутник V» вакцинасымен қайтадан егілуге болады, бірақ пациентті ревакцинациялау үшін қандай препарат жарайтынын емдеуші дәрігер анықтауға тиіс», – деді «Роспотребнадзордың» Эпидемиология ҒЗИ-інің клиникалық-сараптамалық жұмыс жөніндегі директоры Наталья Пшеничная.

Бұған дейін Н.Пшеничнаяның өзі тірі вирустан тұратындықтан, «Спутник V»-мен қайта егілуге болмайтынын, ревакцинация үшін өзге вакцинаны таңдауға тура келетінін жариялаған болатын. Ресейлік мүйізі қарағайдай ғалымдардың да тоқтамы осыған сайды.

«Жалпы, «Спутник V» тек екі дозамен бір рет егуге жарайтын вакцина. Себебі, «Спутник V»-дің құрамында тірі аденовирустар бар. Сондықтан мысалы, бір жыл өткен соң осы вакцинаны қайта ексе, одан ешқандай қорғаныш эффектісі болмайды», – деді журналистерге ММУ медициналық ғылым және білім беру орталығы директорының орынбасары Симон Мацкеплишвили.

Ресейлік ғалымдардың пікірінше, бұл вакцинаның иммундық қорғанысты қаншалықты ұзақ қамтамасыз ететіні белгісіз. Алайда олар «осы вакцинаның өмір бойғы қорғанышы болмайтынын» нық мәлімдеді: ресейлік сарапшылардың көбі оның бір жыл, әрі кетсе, 2 жыл ғана қорғайтынын болжап отыр. Сол себепті «Спутник В»-нің екі компонентімен егілгендер біраз уақыттан кейін қазақстандық «QazVac» немесе басқа вакцинамен қайта егіле алады.

Бұған қоса, Ресей өз вакцинасының бірінші және екінші дозасын салғызу алшақтығын ұзартты. Осыған орай Қазақстан да тиісті шешімді қабылдады. Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №17 қаулысына сәйкес «Sputnik V» вакциналау кестесіне өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, ресейлік вакцинаның бірінші және екінші компоненттерін енгізу аралығы енді 45 күн болуы керек. Егер 45-ші күні екінші компонентті вакциналау мүмкін болмаса, мысалға, демалыс, мереке күндеріне тұспа-тұс келсе, пациент басқа елге кетіп қалса, онда 90 күн ішінде вакциналауға рұқсат етіледі. Дегенмен, бұл шешімнің Мәскеуден түсірілгенін түсінбеген қазақстандықтар жоғарыға ашулы арыздар жолдауда.

«Денсаулық сақтау вице-министрі–Бас мемлекеттік санитар Ерлан Қиясов жаңа қаулы қабылдап, «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші кезеңдерінің арасындағы мерзімді 45, тіпті 90 күнге ұзартып жіберді. Бұл өзгерістерді Қазақстан не себепті енгізді? Неге бұл шешіміне Ресейдің, «Спутник V» әзірлеушілердің келісімін алмаған?» – дейді С.Зиновьева.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл шешімді Қазақстан қабылдамағанын, вакциналау кестесіне қатысты бұл ұстаным Ресейдің, соның ішінде әзірлеушінің – Гамалей атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми орталығының директоры Александр Гунзцбургтың биылғы 22 сәуірдегі шешіміне негізделгенін жеткізді. Әйтсе де, 45–90 күндік өзгерістер қазақстандықтардың бір бөлігінің мазасын қашырды.

«Қазақстанның Бас санитарлық дәрігерінің бұл қаулысына сауатты отандық медицина қызметкерлерінің көпшілігі қарсы және олар келіспейтінін айтып, қоғамға жүгінуде. Қазақстандық биліктің бұл шешіміне жұртшылықтың да көңілі толмайды. Осындай салмақты шешім қабылдауға оған кім құзыр берген? Мен қарапайым адаммын, 28 сәуірде «Спутник V»-мен егілдім. Келесі дозаны 21 күннен кейін, 19 мамырда алуым керек еді. Енді вакцинациялау пунктіндегілер 45 күн өткеннен кейін ғана келуім керектігін хабарлады. Осылай өзгеретінін білгенімде, «Спутник V»-ді салғызбайтын едім», – деп өкінеді Елена Логвинова.

Ол не себепті 45 күннен кейін егіле алмайтынын түсіндірді: елден уақытша шетелге кетпек.

«Біздің шенеуніктер адам құқығын осылай аяққа таптап, елді алдады. Мен елден кететіндіктен, екінші дозаны ала алмай қалайын деп тұрмын. Себебі, елге 90 күннен әлдеқайда кеш ораламын. Сонда бірінші дозаны бекер салғызған боламын, оның қуат-күші, пайдасы қалмайды. Уақытылы екінші дозасы егілмегендіктен, тиімділігін жоғалтады. Кейбір сарапшының байламынша, бұл денсаулыққа салмақты зиян тигізетін көрінеді», – дейді Е.Логвинова.

Мұндай шағымдарға жауап ретінде қазақстандық ДСМ-нің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы аталған шешімді Ресей тарапы қабылдағанын еске салды. Орталықтың түсіндіруінше, керісінше, «екінші дозаны неғұрлым кеш алса, соғұрлым жақсы» екен. Тек 6 аптадан аспаса болды.

«Өйткені вакцинология заңдылығына сәйкес, көп дозалы алғашқы вакциналау сериясында дозалар арасындағы аралық 6 аптаға дейін созылғаны дұрыс. Сонымен қатар, негізгі және қосымша доза арасындағы мейлінше ұзақ алшақтық В-жасушасы жадының жетілуіне мүмкіндік береді, нәтижесінде барынша жоғары және тұрақты реакция пайда болады. Дегенмен, коронавирус инфекциясына қарсы вакциналар бойынша ғылыми зерттеулер ары қарай жалғасуда. Олардың тиімділігіне қатысты дәлелді база көбейген сайын, қосымша ұсынымдар ұсыныла беретін болады», – деп хабарлады ДСМ орталығы.

Негізі, о баста 21 күн деген аралықты өз вакцинасы үшін Ресейдің өзі белгілеген. Батыста өзге қағидат қолданылады. The Lancet ғылыми басылымында 2021 жылы 6 наурызда жарияланған ғылыми зерттеу қорытындысында мысалы, AstraZeneca вакцинасының дозалар арасындағы алшақтықты артқан сайын, оның тиімділігі де өсетіні айтылады. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, егер екінші компоненті 12 аптадан не одан кейін егілсе, онда вакцинаның тиімділігі 81,3%-ға дейін жетеді. Ал егер екі дозаның аралығы тек 14 күн болса, онда тиімділік небары 66,7% болған. Сондай-ақ Ұлыбритания (Pfizer BioNTech, AstraZeneca, т.б.), Украина (үндістандық CoviShield) және басқа да елдер үш айлық аралыққа көшті. Франция (BioNTech/Pfizer және Moderna) 6 апталық, Ирландия 12 апталық аралықты ұстанады. Қалай болғанда, ресейлік вакцинаға қатысты өзгерістер Ресейден келетінін ұмытпаған жөн. Оның үстіне Кремльдің амбициясын қанағаттандыру үшін «Спутник V» Ресейде күнібұрын тіркеуге қойылғанымен, шынында оның да сынақтары жалғасуда. Демек, ДСМ ескерткентей, алда өзге де өзгерістер болуы ғажап емес.