Студенттерден ПТР тесті талап етілмейді – БҒМ

0
523

Оқу ғимараттарына «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар білім алушылар ғана кіре алады.


Студенттерден ПТР тесті талап етілмейді – БҒМ

ERNUR.KZ. Жаңа оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер дәстүрлі форматта оқиды. Алайда ЖОО шешімі бойынша оқу аралас форматта жүргізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Дәрістер онлайн, ал семинарлық, зертханалық және тәжірибелік сабақтар офлайн режимде ұйымдастырылады. Ал, қашықтан оқыту форматы ерекше білім беру қажеттіліктері бар және тәуекел топтағы студенттерге қатысты қолданылуы мүмкін. Оқу жылы 3-4 курс білім алушылары үшін 1 қыркүйектен басталса, ал 1-2 курс және магистранттар үшін оқу университеттің академиялық күнтізбесіне сәйкес қыркүйек айының соңына дейін басталады», - деді вице-министр.

Сондай-ақ ЖОО аумағы, оқу корпустары, кітапхана мен жатақханаларда міндетті түрде Ashyq қосымшасы пайдаланылады. Оқу ғимараттарына «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар білім алушылар кіре алады.

«Оқу ғимараты не жатақханаға кірген кезде термометрмен тексеріп, антисептик қолдану міндетті болады. Маска режимі де қамтамасыз етіледі. Студенттерден ПТР-тестілеудің болуын талап етуге болмайтынын ерекше атап өткім келеді», - деп атап өтті Ерғалиев.

Студенттер арасында COVID-19 індетіне қарсы вакцина алудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Брифинг барысында Министрлік тарапынан оқу ақысына жеңілдіктер, қызметкерлер үшін сыйақы және басқа да ынталандыру шаралары қабылдап жатқаны айтылды. Сонымен қатар, оқу орындарындағы түрлі шараларға әзірге шектеу қойылады.

«Айта кету керек, көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Сонымен бірге жылжымалы сабақ кестесін белгілеу жоспарланып отыр. Жұқпалы ауру белгілері пайда болған жағдайда студенттер оқуларын қашықтан жалғастыра алады. Бұдан басқа, эпидемиологиялық жағдай нашарлап, құзырлы органның тиісті шешімі болған жағдайда қашықтан оқыту форматына көшу бойынша дайындығы пысықталуы тиіс. Жоғары оқу орындарымен студенттерді офлайн режимнен онлайн форматқа ауыстыру бойынша жоспар, яғни алгоритм әзірленеді», - деді Қуаныш Ерғалиев.