Еліміздің ЖОО-ларда 680 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында қарастырылған Университеттің үшінші миссиясы шеңберінде студент жастарды қоғамға әлеуметтендіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
ERNUR.KZ. Бұл жастар тек білім ғана емес, жоғары рухани құндылықтарға ие болуы үшін идеологиялық, әлеуметтендіру, тәрбие бағытында да қызмет атқарылып жатыр. ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Бүгінгі таңда жастар арасында насихатталатын негізгі идеология – бұл А.Құнанбаевтың «толық адам» идеологиясы.
«Қазіргі таңда студент жастар арасында «толық адам» ілімінің негізгі тақырыбы – ол «ыстық қайрат – нұрлы ақыл – жылы жүрек». Университетке білім алуға келген жастардың «нұрлы ақыл» бөліміне сәйкес ғылыммен айналысуына, магистратура, докторантурада білімдерін шыңдауға мүмкіндік беріледі. Бүгінде Қазақстанның халықаралық білім кеңістігінде өзінің алатын орны бар. Осы мақсатта жастардың студенттік шақтан бастап өзінің ғылыммен айналысуы, тақырыптарын алдын ала анықтап, «нұрлы ақыл» бағытында жұмыс жүргізеді. Келесі жылы «жылы жүрек» бағытында жастардың әлеуметтік қоғамдағы волонтерлік жобаларға қатысуына да барынша жағдай жасалып отыр. Жастарды адамгершілікке, мейірімділікке баулу жұмыстарын жүргіземіз», – деді спикер.
Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, «Таза сессия» шарасы іске асуда. Комплаенс- офицерлер әр ЖОО-ның базасында жұмыс істейді. Құқық қорғау органдарымен бірге жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылық мәселелеріне қатысты кездесулер ұйымдастыралады.
Академиялық адалдық лигасы құрылды. Оған 18 университет мүше болып табылады. «Заң мен тәртіп» шеңберінде ЖОО-да 980 іс-шара ұйымдастырылып, 180 мыңға жуық студент қатысты.