Су ресурстары министрлігіне – 1 жыл. Салада серпіліс байқалады

0
445

Жаңа министрліктің қарқыны жаман емес.


Су ресурстары министрлігіне – 1 жыл. Салада серпіліс байқалады

Биыл қыркүйек айында еліміздегі су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылып жұмыс бастағанына бір жыл толды. Осы уақыт аралығында аталмыш ведомство қандай жұмыстар атқарды, бүгін соған тоқталатын болатыз.


Жалпы, осы министрлік жұмысын бастағаннан кейін еліміздегі су ресурстарын басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспар бекітіліп, Су кодексі әзірлене бастады. Тиісінше, ел Үкіметі арнайы тұжырымдама қабылдап, алдағы 5-6 жылдың ішінде қырықтан аса су қоймасын салып, отызға жуық қойманы және он бес мың шақырымға жуық каналды қайта жаңғыртуды жоспарлады. Сәйкесінше, аталған жұмыстар су шығынының төрттен бір бөлігін үнемдеп, суармалы алқаптың аумағын төрт жүз мың гектардан аса жерге ұлғайтуды көздеген. Осыған орай, су ресурстары саласын алға жылжыту мақсатында арнайы жоспар әзірленіп, бүгінде жүзден аса жобаның құжаттары дайындалған.


Ал, жаңадан түзілген су кодексі ресурсты мақсатты қолдану, үнемдеу және қайта қолдануға мүмкіндік беретін заманауи техникалармен қамтамасыз етуді көздейді. Бұл тұрғыда биыл Қазақстан аумағында төрт жүзден аса жоба қолға алынып, 575 мың гектардан аса уармалы алқапты қалыпқа келтіру және екі жүзденаса каналды жөндеу жұмыстары атқарылып келеді. Аталған жұмыстардың неәтижесінде бір миллионнан аса азамат мекен ететін 400-ден аса елдімекенде сумен қамту бағытының деңгейі көтеріледі. Сонымен қатар, еліміздің оңтүстігіндегі төрт облыста су речсурстары желілерін цифрландыру жұмыстары қолға алынған.


Сондай-ақ, биыл министрлік отыздан аса нысанды мемлекет меншігіне қайтарып, жүзден аса құрылысқа жан-жақты тексеру жүргізген. Суды заңсыз қолдану және саудалаудың жолын кесу мақсатында арнайы комитет құрылып, инспекторлар саны едәуір көбейді. Одан бөлек, ведомство трансшекаралық су көздерінің игілігін көру бойынша оннан аса іс-шара ұйымдастырып, еліміздегі өңірлерге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәдікстан мемлекеттерінен қосымша су жіберілді. Қытай елімен де келісімшарт жасалып жатыр екен.


2024 жылы Қазақстандағы су қоймалары 75 миллиар текше метр су жиналған. Оның ішінде Түркістан облысында орналасқан «Шардара» су қоймасындағы су екі жарым есеге көбейіп, «Қапшағай» қоймасы ұзақ уақыттан бері алғаш рет толды. Сонымен қатар, Арал және Каспий теңіздеріне, Балқаш көліне су жіберіліп, диқандарға қажетті су көлемі берілді. Ал, егістігіне су үнемдейтін технологияларды орнатқан шаруаларға берілетін субсиди сексен пайызға көтерілді. Министрлік осындай қолдаулар арқылы алдағы 5-6 жылда егістіктің жартысынан астамын су үнемдеу технологияларымен жабдықтауды көздеп отыр. Бұл да ағынсу шығынына оң әсерін тигізері сөзсіз. Министрлік тарапынан су ресурстарына қатысты проблемаларды зерттеу, флора мен фаунаны сақтау, ақпараттық базаны күшейту сынды бағыттар да қолға алынып, арнайы орталықтар құрылды.


Бүгінгі таңда аталғансалада он мыңға жуық қазақстандық еңбек етіп жатса, биылғы жылдың басынан бері соларды жеті мыңға жуығының жалақысы 25 пайызға көтерілді.Көптеген мамандар өз елімізде біліктілігін арттырса, енді біреулері шет мемлекеттерде тәжірибесін толықтыру мүмкіндігін алды. Министрлік тың технологиялар мен әдістерді меңгерген мамандар әзірлеу бағытында іргелі оқу ордаларымен келісімшарт жасасып, тіпті су саласына арналған университет ашуды жоспарлап отыр.


Министрлік әлемдегі су саласы дамыған мемлекеттермен де қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Осы орайда түзілген келісімшарттар аясында маман даярлау, зерттеу жүргізу жұмыстары атқарылатын болады. Біліп отырғанымыздай, жаңа министрліктің қарқыны жаман емес. Егер осы жоспардың барлығы іске асырылса, салада серпін байқалары анық.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ