“Суға батырып, аяғын сүйгізген“: оқиғаның мән-жайы мен видеосы

0
100

​Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, екі әйел 16 жастағы қызды үйінен алдап шығарып, ұрлап әкеткен.


“Суға батырып, аяғын сүйгізген“: оқиғаның мән-жайы мен видеосы

ERNUR.KZ. Қазақстандықтарды Алматы облысында болған сұмдық оқиға дүр сілкіндірді. 16 жастағы қызды азаптап, зорлық көрсетті деген күдікпен екі әйел ұсталды. Оқиғаға не себеп болғаны белгілі болды, деп жазады tengrinews.kz.

Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, екі әйел 16 жастағы қызды үйінен алдап шығарып, ұрлап әкеткен.

Алматы облыстық Полиция департаменті бұл деректі растады және күдіктілердің ұсталғанын, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Екі әйел уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Оқиғаның мән-жайы

Жәбірленушінің анасының айтуынша, бұл әрекеттерді жасауға әйелдің қызғанышы себеп болған.

Қыз бір ер адаммен болашақта ЖОО-ға түсу мәселесін талқылау үшін телефон нөмір алмасқан. Кейін ол ер адам қызға бейнеқоңырау шалып, әңгіме университетке түсу тақырыбы төңірегінде өрбіген.

Шамамен жарты сағаттан соң қыздың нөміріне бейтаныс әйел қоңырау шалып, өзін әлгі ер адамның қалыңдығы ретінде таныстырған.

"Ол қызымнан ер адаммен сөйлеспеуін, оны бұғаттап, скриншот жіберуін сұраған. Қызым үшін 30 жастағы әйел – үлкен кісі. Әрине, ол айтқанын істеген", – дейді анасы.

Алайда "қалыңдыққа" бұл жеткіліксіз болыпты. Келесі күні ол қызға қоңырау шалып, кездесуге шақырған. Қыздың үйінің алдына құрбысы екеуі көлікпен келіп, оны көлікке отырғызған. Қыз еш күдіктенбей отырған, бірақ кейін нағыз сұмдықты бастан өткерген.

"Әйел алдымен оның телефонын алып, хаттарын қарай бастаған. Кейін бетіне ұрып, шашын жұлған", – дейді анасы.

Одан соң олар шылым шегіп, тұқылын қыздың қолы мен аяғына басады. Мұнымен де тоқталмай, оны өзен жағасындағы иен жерге апарып, "қалыңдық" қызды соққыға жыққан, бірнеше рет басын суға батырған және аяғын сүйгізген. Құрбысы бұл сәттердің бәрін видеоға түсірген.

Одан кейінгі жағдай ақылға сыймайды: ересек әйелдер қызға таяқты пайдаланып зорлық көрсетуді ұйғарған. Барлық азаптаудан соң қызды үйіне әкеліп тастап, егер біреуге айтса, видеоны барлық таныстарына жібереміз деп қорқытқан.

Арыз

Жәбірленушінің анасының айтуынша, қызы жағдайды ішінде сақтап, жасырын түрде тыныштандыратын дәрілер ішкен, бірақ ақыр соңында шыдамай, бәрін айтып берген.

Сол күні анасы полицияға арыз жазған. Күдіктілер – 1996 жылы туған екі әйел. Дереккөздер мәліметінше, олардың бірі ауылдық округ әкімдігі аппаратында компьютерлік жүйелер операторы болып жұмыс істейді.