Сұлу Сібі жаңарып келеді: Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны төрт маусымдық туризм орталығына айналуда

0
230

Туристердің қызығушылығын арттыру үшін этнотуризмге де басымдық берілуде.


Сұлу Сібі жаңарып келеді: Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны төрт маусымдық туризм орталығына айналуда

фото: YouTube

Шығыс Қазақстанның көркем табиғаты сөз болғанда ең алдымен ойға оралатын мекендердің бірі – Сібі көлдері. Тау бөктеріндегі мөлдір айдындар, қарағайлы орман мен таза ауа үйлесім тапқан бұл өңір жыл сайын мыңдаған туристі өзіне тартады. Сарапшылардың бағалауынша, Сібі көлдері мен Бұқтырма су қоймасы бір туристік маусымда 400 мыңға жуық демалушыны қабылдауға қауқарлы. Осы әлеуетті толық пайдалану мақсатында өңірде туристік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды.

Бүгінде Сібі көлдері тек табиғи сұлулығымен ғана емес, жаңа инвестициялық жобаларымен де назар аудартып отыр. Соның ең ірісі – бірінші көл саналатын Садыркөл жағалауында салынатын заманауи туристік кешен. «Altai Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында Ұлан ауданы әкімдігі, «ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы» АҚ және «Виста Лаго» ЖШС арасында жалпы құны 11,5 миллиард теңгені құрайтын үшжақты келісім жасалғаны хабарланған болатын. Жоба іске асқанда көл жағалауында халықаралық талаптарға сай демалыс орны бой көтеріп, өңірдің туристік әлеуеті жаңа деңгейге көтеріледі.


Сібі көлдерінің ең танымал демалыс орны – үшінші көл, яғни Шалқар да түбегейлі жаңармақ. 2017 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген муниципалдық жағажай енді кешенді түрде қайта жаңғыртылады. Алғашқы кезеңде аумақ толық тазартылып, ескі әрі қажетсіз құрылыстар сүріледі. Сонымен қатар жаңа санитарлық тораптар, шешінетін кабиналар орнатылып, демалушыларға қолайлы жағдай жасалады.

Жобада қауіпсіздік пен қолжетімділік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Жағажайда сауда орындары жүйеленіп, автотұрақтар кеңейтіледі. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы тұрақ орындары қарастырылып, суға түсуге арналған екі жаңа пирс салынады. Мұндай өзгерістер демалыстың сапасын арттырып қана қоймай, халықаралық туристік стандарттарға жақындауға мүмкіндік береді.

Сібі көлдерін төрт маусым бойы жұмыс істейтін туристік орталыққа айналдыру – басты мақсаттардың бірі. Сондықтан қысқы туризмді дамыту бағытында да нақты жоспарлар әзірленген. Шалқар көлінде жылы павильондар салынып, ыстық тағам ұсынылатын орындар ашылады. Коньки және басқа да қысқы спорт құралдарын жалға беру қызметі ұйымдастырылып, дайвинг орталығының құрылысы жалғасуда. Болашақта бұл аймақ тек жазғы демалыс орны емес, қысқы демалыстың да тартымды мекеніне айналмақ.


Туристердің қызығушылығын арттыру үшін этнотуризмге де басымдық берілуде. Бұрын ұсынылған тұжырымдамаға сәйкес, Шалқар жағалауында этноауыл бой көтеруі мүмкін. Мұнда келушілер қазақтың ұлттық қолөнерімен танысып, дәстүрлі тағамдардан дәм татып, атпен серуендеу, велосипед тебу, жаяу туристік бағыттар мен квадроцикл турларына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Көлдерге жету де бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл болмақ. Васильевка – Бозанбай – Алғабас – Тарғын бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолына жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Сонымен бірге Шалқар көліне апаратын кірме жол толық жаңартылып, жол бойында және муниципалдық жағажай аумағында заманауи санитарлық-гигиеналық кешендер орнатылды.

Табиғатты қорғау мен заңдылықты сақтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыс басшылығы кейбір демалыс базаларының жағалауға апаратын жолдарды заңсыз жауып, ақылы кіру жүйесін енгізу фактілеріне байланысты қатаң бақылау орнатты. Ұлан ауданы әкімдігіне жағалау аумағындағы жер пайдалану заңдылығын жан-жақты тексеру тапсырылды. Сонымен бірге Сібі тобына кіретін Садыркөл, Төртқара, Шалқар және Қоржынкөл көлдеріндегі ресми жағажайлар заңды түрде бекітіліп, демалушылардың суға еркін қолжетімділігі қамтамасыз етілуде.


Сібі көлдерінде қолға алынған бұл өзгерістер өңір туризмінің жаңа кезеңін бастап отыр. Заманауи инфрақұрылым, сапалы жолдар, ірі инвестициялар мен табиғи көркемдік үйлесім тапқан жағдайда Сібі алдағы жылдары Шығыс Қазақстанның ғана емес, еліміздің ең танымал әрі жыл он екі ай бойы турист қабылдайтын демалыс бағыттарының біріне айналары сөзсіз.

Бөлісу