​ Суық қораға қамап қойған: Жетісу облысында баласына қорлық көрсеткен әйелге үкім шықты

0
1 199

Баланың әкесін де ата-ана құқығынан айыру туралы шешім қабылданды.


​ Суық қораға қамап қойған: Жетісу облысында баласына қорлық көрсеткен әйелге үкім шықты

ERNUR.KZ. Талдықорғанда баласын тәрбиелеймін деп суық қораға қамап қойған әйел аналық құқығынан айырылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Жетісу облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотының отырысы өтіп, нәтижесінде әйел 2014 жылы туған ұлына қатысты ата-ана құқығынан айырылды.

«Сондай-ақ Талдықорған қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен абайсызда баласының денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған ескерту берілді», - делінген ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл хабарламасында.

Белгілі болғандай, сот отбасының әкесін де ата-ана құқығынан айыру туралы шешім қабылдаған.

Қазіргі уақытта бала қорғаншылық органдарына берілді.

Естеріңізге сала кетейік, Уәкілдің Жетісу өңірі бойынша өкілі кәмелетке толмаған баланың құқықтарының бұзылғаны туралы түсірген шағымынан кейін комиссия құрылып, ана мен екі баланың антисанитарлық жағдайда және толық бейберекетсіздікте өмір сүріп жатқанын анықтаған болатын. Бұл ретте әйел алкогольдік ішімдіктерді пайдаланғанын және балаларды қорлағанын мойындады.

Қамқоршылық және қорғаншылық органдары Жетісу облысы бойынша АҚУ өкілінің бастамасымен Жетісу облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына тиісті талап арызын жолдады.