4 жасар Даниэльдің анасы дәрігерлерге баласының іші ауыратынын айтқан.
фото: Баубек Коныров
ERNUR.KZ. Ақмола облысы Зеренді ауданының орталығында 4 жасар бүлдіршін 39 дөңгелек магнит жұтып қойған. Баланы аман алып қалу үшін бірнеше хирург бес сағат ота жасады. Баланың жағдайы туралы дәрігерлер мен анасы айтып берді, деп жазады sputnik.kz.
4 жасар Даниэльдің анасы дәрігерлерге баласының іші ауыратынын айтқан. Жүрегі айнып, құсқан. Баланың іші кеуіп, екі күн бойы мазасы әбден кеткен.
"Анасының айтуынша, бала мереке күндері жеміс-жидекті көп жеген. Бала содан да ауырған болар деді. Бүлдіршіннің жағдайы біртіндеп нашарлаған. Ауруханаға келгенде жағдайы орташа ауыр болды. Баланың ішін басып тексергенде ауырсынды", - дейді Зеренді аудандық ауруханасының дәрігерлері.
Баланың іш-құрылысын рентгенге түсіргенде дөңгелек пішінді заттар анықталған.
"Балаға "асқазан-ішек жолдарында бөгде заттар бар. Жедел обструкциялық ішек өтімсіздігі" деп диагноз қойылды. Біз дереу реанимобильді түрде Көкшетауға жібердік", - дейді дәрігерлер.
Балаға 5 сағат ота жасалған. Айналасы үш күнде магнит баланың ішек жолдарын зақымдап жіберген.
"Біз бұл ойыншықты сатып алмадық, сыйлыққа келген ойыншық еді. Барлық аналарға айтарым, ешқашан бұл ойыншықты алмаңыздар. Кішкентай бала емес үлкендер үшін де қауіпті. Қазір ұлым біртіндеп жақсарып келеді. Дәрігерлеге алғыстан басқа айтарым жоқ", - дейді анасы Наталья.