Талдықорғанда әскери госпиталь экс-басшысының қылмысы ашылды (видео)

0
879

Әскери госпитальдің бұрынғы бастығы 13 қазанда қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жалғасып жатыр.


Талдықорғанда әскери госпиталь экс-басшысының қылмысы ашылды (видео)

ERNUR.KZ. Талдықорған қаласында әскери госпитальдің бұрынғы бастығы мен осы мекемеде істеген бас медбике тергеуге алынды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Агенттік мамандары ұстау операциясының видеосын да жариялады. Онда бас медикенің күндіз саябақта ұсталғанын көруге болады. Оның сөмкесінен ірі сомада ақша шықты. Ал госпитальдің бұрынғы бастығы түнгі уақытта жанармай бекетінің жанында құрықталды. Оның көлігінен де ақша табылды.


"Талдықорған қаласында әскери госпитальдің бұрынғы бастығы мен аталған госпитальдің бұрынғы бас медбикесіне қатысты ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау күдігі бойынша тергеу басталды. Олар жұмысқа орналастырғаны және қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін, Сovid-19-ға қарсы күрестегі қызметі үшін госпиталь қызметкеріне түскен үстемеақының 50 процентін құрайтын 1 миллион теңгені алғаны үшін айыпталып отыр", - дейді Биғайдаров онлайн брифингте.


Оның айтуынша, 13 қазанда әскери госпитальдің бұрынғы бастығы қамауға алынды. Тергеу шаралары жалғасуда.