Мәйітте зорлық белгілері бар.
Фото: © istockphoto.com
ERNUR.KZ. Талдықорған қаласындағы қонақүйлердің бірінде өрт болып, оқиға орнынан зорлық белгілері бар әйелдің мәйіті табылды. Бұл туралы Жетісу облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Өрт неден шықты?
2025 жылғы 24 мамырда Талдықорған қаласындағы Қаблиса жырау көшесінде орналасқан қонақүйден түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру тобы оқиға орнына жоғары дайындық деңгейінде жіберілді.
Өрт ресепшн бөлмесінде тұтанған. Жалпы аумағы – 20 шаршы метр.
Эвакуация және қайғылы оқиға
- Төтенше жағдайлар қызметі 35 адамды, оның ішінде бір баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады.
- Қонақүйдің бірінші қабатындағы әкімшілік бөлмеден 1982 жылы туған әйел адамның мәйіті табылған.
- Мәйітте зорлық-зомбылық белгілері анықталған.
Қылмыстық іс қозғалды
«Аталған дерек бойынша кісі өлтірубабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында 23 жастағы күдікті қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр», – деп мәлімдеді Жетісу облыстық полиция департаменті.
Алдын ала болжам – қасақана өрт қою
ТЖД өкілдерінің айтуынша, өртке – қасақана тұтандыру себеп болуы мүмкін. Материалдар Жетісу облысының полициясына тергеу үшін жолданды.