Талдықорғанда пандустарды сынақтан өткізу кезінде шенеунік зардап шекті (видео)

0
493

Ол арбамен бірге аударылып қалған.


Талдықорғанда пандустарды сынақтан өткізу кезінде шенеунік зардап шекті (видео)

ERNUR.KZ. Талдықорғанда жергілікті AMANAT филиалының атқарушы хатшысы Аманжол Жазықбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустарды тексеру кезінде зардап шекті. Ол арбамен бірге аударылып қалған, деп жазады Stan.kz.

Оқиға 8 шілдеде күндіз жеке нысандар мен жолдарды сынақтан өткізу кезінде болған. Тексерісті жергілікті шенеуніктер мен Талдықорғанда жол жөндеумен шұғылданатын мердігерлер жүргізген. Сынақ барысында жекеменшік дәріхананың пандусында атқарушы хатшы арбамен бірге аударылып қалған.

"Басымды жарып ала жаздадым. Бұл жекеменшік дәріхана маңында болды. Иә, бізде пандустармен мәселе бар. Кей жерде мүлде жоқ, кей жерде дұрыс орналастырмаған. Көбіне бұл жекеменшік мекемелерде. Кей кәсіпкерлер пандусты тым тік етіп орналастырады. Әрине, біздің мүмкіндігі шектеулі белсенділеріміз олардың үстінен шағым түсіреді", – деді Аманжол Жазықбаев.

Шенеунік ауыр жарақат алмаған. Сөзінше, тексеріс тек жекеменшік аумақтарда ғана емесе, жөндеу жүріп жатқан қала көшелерінде де өткен.

"Шенеуніктер де, мердігер компания өкілдері де мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін сезініп көрді. Өту қиын жерлер бойынша мердігерлерге кеңес берілді. Олар алдағы уақытта осындай қателіктерді түзетеді. Біраз уақыт өткен соң осы командамен олқылықтардың қаншалықты дұрыс түзетілгенін тексереміз", – деп қосты ол.