Талдықорғанда полицей суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалған

0
518

Судан құтқарылған 11 жастағы жасөспірім демала алмай, көгеріп жатқан.


Талдықорғанда полицей суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалған

ERNUR.KZ. Талдықорған қаласында полицей суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды, деп жазады Stan.kz


6 маусым күні сағат 15:43 шамасында полиция қызметкері Санат Серікқалиұлы Қаратал өзені маңындағы “Қызыл тас” саяжайында демалыста жүріп, көмек сұрап айқайлаған балалардың дауысын естіген. Өзенге жүгіріп барып, бір баланың суға батып бара жатқанын көрген. Инспектор ойланбастан көмекке ұмтылыпты.

Судан құтқарылған 11 жастағы жасөспірім демала алмай, көгеріп жатқан. Осы тұста тәртіп сақшысы жылдам әрі батыл әрекет етіп, бірден алғашқы медициналық көмек көрсете бастаған. Тікелей жүрек массажы мен жасанды тыныс беру арқылы инспектор баланың дем алысын қалпына келтірген. Осыдан кейін ол дереу жедел жәрдем шақырған. Бала ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер полиция қызметкерінің дер кезінде көрсеткен кәсіби әрекеті баланың өмірін сақтап қалғанын растады.

Полиция қызметкері өзінің бұл әрекетін таң қаларлықтай батырлық емес екенін, кез-келген адамның жасайтын әрекеті ретінде көретінін айтты.

“Мен өз міндетімді атқардым. Адамдарды қорғау мен көмекке келу менің басты парызым”, – дейді полицей.

Осы оқиғадан кейін полиция ана-аналарға ескерту жасады.

“Құрметті ата-аналар! Жаз мезгілі мен шомылу маусымының басталуымен балалардың арасында болатын жазатайым оқиғалардың қаупі артады. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды аспектілерінің бірі – балаларды, әсіресе су айдындарының жанында үнемі қадағалау. Балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі еске түсіріп, олардың іс-әрекеттерін бақылаңыз”, – делінген хабарламада.