Қыз жол апаты оқиғасынан аман қалған отбасындағы жалғыз адам.
ERNUR.KZ. Талдықорғанда төрт айлық сәби жол апатынан аман қалғаннан кейін облыстық мамандандырылған балалар үйіне түседі. Қыз оқиғадан аман қалған отбасындағы жалғыз адам. Алайда нәрестені қалалық білім беру бөлімі балалар құқықтарын қорғау секторының меңгерушісі Әмір Тұяқбаев сатпақ болған, деп жазады Stan.kz.
Жаңа туған нәрестелер баласыз ерлі-зайыптылар арасында үлкен сұранысқа ие екендігі туралы айтпаса да белгілі. Тіпті бұл жағдайды Талдықорған білім беру бөлімі балалар құқықтарын қорғау секторының меңгерушісі Әмір Тұяқбаев та пайдаланыпты.
Жалпы "Неке және отбасы туралы" заңға сәйкес ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тіркеудің белгілі бір тәртібі бар. Алайда шенеунік жаңа туған нәресте туралы деректерді тізілімге енгізбеген. Ол өзінің досы Кристина Полномочноваға қызды "сатып алатындар" болса тауып беруін өтінген. Тиісінше, әйел Алматыдан нәрестені сатып алатын жұп табады. Жеке кездесу өткізіп сәбиді 400 мың теңгеге саудалаған.
Ерлі-зайыптылар қуанып олардың айтқанына келіседі. Бірақ одан кейін өз әрекеттерінің заңдылығына күмәнданып, Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жүгінген. Бұдан соң ведомство бала сатпақ болғандарды қылмыс үстінде ұстау үшін жұбайларға әрекетін жалғастыруды сұрайды.
Қамқорлыққа алу бөлімінің бастығы еш күдіксіз баласыз отбасын сәби асырап алуға үміткер ретінде тіркеген. Қыз туралы ақпаратты деректер базасына енгізген. Ал бір күннен кейін ерлі-зайыптыларға балаға баруға жолдама берілген.
Талдықорған қаласының білім бөлімі балалар құқықтарын қорғау секторының меңгерушісі мәміле аяқталғаннан кейін, банктегі шотынан ақша алған сәтте ұсталды. Шенеунік бұл әрекетті толығымен мойындады және іс қозғау туралы шешіммен келісті.
Талдықорған қалалық соты Әмір Тұяқбаевтың кінәсін шын жүректен мойындағанын ескеріп, 12 млн теңге айыппұл салды. Ал оның серіктесі Кристина Полномочнова мемлекетке 4 млн теңге төлеуі керек.
Ақырында балалы бола алмай жүрген ерлі-зайыптыларға кішкентай қызды асырып алуға келісім берді.