Талдықорғанда жер үйде газ жарылған: ауыр жараланған бозбала екі айдан соң ауруханада көз жұмды

0
212

​Оның қазасы туралы жергілікті журналист Сандуғаш Дүйсенова мәлім етті.


Талдықорғанда жер үйде газ жарылған: ауыр жараланған бозбала екі айдан соң ауруханада көз жұмды

Фото: ҚР ТЖМ

ERNUR.KZ. Талдықорғанда жер үйде газ жарылып, зардап шеккен жасөспірім қайтыс болды. Қайғылы оқиға туралы жергілікті журналист Сандуғаш Дүйсенова мәлім етті, деп жазады zattyq-ruhy.kz.

Ол марқұмның достары түсірген видеоны да жариялады. Кадрларға қарағанда, Асан футболға қызыққан.

«Асан қайтыс болды... Әке-шешесі қайтыс болған алапат өрттен кейін ол екі айдан астам өмір сүру үшін күресті. Дәрігерлердің қанша тырысқанына қарамастан, ол ауыр күйіктен айығып кете алған жоқ», — деп жазды Дүйсенова Instagram парақшасында.

Журналистің айтуынша, жасөспірімді мамандандырылған орталыққа ауыстырғанымен аман алып қалу мүмкін болмаған.

«Талдықорғанда күйік орталығы жоқ, сондықтан Асан алдымен көпсалалы ауруханада емделді. Жағдайы нашарлаған соң, туыстары оны Алматыға ауыстырған. Бірақ өкінішке қарай, дәрігерлер оны аман алып қала алмады», - дейді Дүйсенова.

Бұл отбасының қайғылы жағдайға ұшырағанына екі айдай уақыт өтті. Отбасының қалған балалары ауыр күйік алған.

Журналист тергеудің тоқтап тұрғанын айтты.

«Шенеуніктер үндемей отыр, газ компаниялары кінәсін мойындаған жоқ. Ал өрт сөндірушілер газдың қайдан шыққанын әлі түсіндіре алмай отыр», - деді Дүйсенова.

Марқұмның туыстары газ құбырын тарту кезінде өрескел заң бұзушылыққа жол берді деп күдіктеніп отыр.

Асанның ағасы Ернұр Жүкенов мешітке газ құбыры заңбұзушылықпен тартылғанын айтты.

«Біз мұны өз көзімізбен көрдік. Ол кезде біздің көшеде асфальт та, электр бағаналары да, су құбыры да жоқ еді. Мұның бәрі кейінірек төселе бастады. Кім біледі, жұмыс барысында газ құбырларын біреу бүлдірді ме? Ақыр соңында, олар жер астына қойылды», - деді ол.

Айта кетейік, 2024 жылдың 31 желтоқсанында Талдықорғанда екі қабатты үйден өрт шыққан болатын. Жеті адам, оның үшеуі кәмелетке толмағандар оқиға орнынан күйік шалып, дене жарақаттарымен қалалық ауруханаларға жеткізілді. Зардап шеккендердің екеуі – ерлі-зайыптылар дәрігерлердің көмегіне қарамастан қайтыс болды.