Талдықорғандағы газ жарылысы салдарынан ата-анасынан айырылған балалар миллиондаған несие төлеуге мәжбүр

0
187

Жарылыс былтыр 31 желтоқсанда болған.


Талдықорғандағы газ жарылысы салдарынан ата-анасынан айырылған балалар миллиондаған несие төлеуге мәжбүр

Фото: Видеодан скрин/New Times

ERNUR.KZ. Өткен жылы жаңа жыл қарсаңында Талдықорғанда жекеменшік үйде жарылыс болып, отбасының ата-анасы мен бір жасөспірім қаза тапқан еді. Жанұяда 22 жастағы жігіт пен оның екі қарындасы аман қалған. Енді олар әке-шешесінен қалған миллиондаған қарызды төлеуге мәжбүр, деп жазады stan.kz.

Отбасының туыстары жергілікті биліктің бейқамдығына шағымданды. Оның үстіне қайғылы оқиғаға кінәлілер рақымшылықпен жазадан босап кете ме деп қауіптеніп отыр.

Жарылыс былтыр 31 желтоқсанда болған. Сол күні отағасы Ерлан мен жары Дания Бекпаева қаза тапты. Ал олардың 16 жастағы ұлы Асан кейінірек ауруханада көз жұмды. Аман қалғандар мектеп жасындағы екі қыз бала және үлкен ұлдары, 22 жастағы Ернұр. Қазір Ернұр мұрагерлік құжаттарды рәсімдеумен айналысып жүр.

Туыстарының айтуынша, ол ата-анасынан қалған құны шамамен 9 миллион теңге тұратын пәтерді және 20 миллион теңге көлеміндегі қарызды мұрагерлікке алады. Бұл несиелерді жігіттің ата-анасы тірі кезінде рәсімдеген.

Жақындары Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевқа көмек сұрап жүгінген. Алайда әкім олармен келемеждеп сөйлескен.

"Ол күліп тұрып: “Әкелерің несиені тым көп алған ғой, бірақ біз қазақпыз ғой” деп жауап берді", – дейді туыстары.

Олардың айтуынша, көмек көрсету орнына әкімдік тек азық-түлік себеті мен мектеп формасын ұсынған.

"Бізге бірнеше рет "700 мың теңге алдыңдар ғой" деді. Әкім бұл ақшаны өз қалтасынан бергендей айтты. Бұл – мемлекеттің көмегі. Әкімдік тарапынан бізге ешқандай көмек болған жоқ. Олар бізге көмектескісі келмейді. Себебі олар жарылысқа қатысты жауапкершіліктен құтылғысы келетін сияқты", – дейді туыстары.

Home Bank, Kaspi және Отбасы банкі отбасылық қарыздарды тек алты айға кейінге шегеруге келіскен. Қайғылы оқиғадан кейін Ернұр мектептегі жұмысын жалғастырмақ болған, алайда ата-анасы мен інісінен айырылған соң, күйзелістен жұмысты тастап кеткен. Туыстарының айтуынша, әлеуметтік қызмет өкілдері бұл үшін Ернұрға реніш білдіріп, тіпті "жұмыстан кетуге құқығы жоқ" деп сөккен.

Марқұм Ерлан Бекпаев Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Ол қант қызылшасы, соя, жүгері егумен айналысып, тұқым себуден бастап өнім жинауға дейінгі процесті бақылаған. Өңір ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан.

Ал жары Дания денсаулық сақтау саласында 30 жылдай қызмет еткен. Туыстары марқұмдардың еңбегі мен өңір дамуына қосқан үлесі әкімдік тарапынан мойындалып, бағалануы керек деп есептейді.

Қазір отбасы жетім қалған балаларға баспана берілсе екен дейді. Олар әлеуметтік желіде ақша жинауды ар санап, ондай жолға жүгінгілері келмейтінін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Былтыр 31 желтоқсанда Талдықорғанда жекеменшік екі қабатты үйде газ-ауа қоспасының жарылуынан өрт шыққаны туралы жазған едік. Салдарынан ерлі-зауыпты Бекпаевалар мен олардың 16 жастағы баласы қаза тапқан.