Қазір жағдайдың мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр екен.
Фото: takiedela.ru
ERNUR.KZ. Талғарда әйелді азаматтық некедегі күйеуі бес жасар қызының көзінше өлтірген. Полиция күдікті қолға түскенін мәлімдеді, деп жазады stan.kz.
Жағдайды “НеМолчи” қоры Instagram парақшасында жазды. Ондағы мәліметке сәйкес, қайғылы жағдай Талғар маңындағы Тұрар Рысқұлов ауылында болған. 45 жастағы ер адам азаматтық некедегі әйелін пышақтап өлтірген.
“Талғар ауданына қарасты Рысқұл ауылында ер адам кәмелетке толмаған қызының көзінше әйелін пышақтап өлтірді. Әйел көп қан жоғалту салдарынан көз жұмды. Тағы бір әйел қазасы. Күйеуі ұсталып, полиция бөліміне қамалды. Бұл оқиға 14 қаңтар күні болған. Марқұм өте жақсы әріптес, құрбы әрі ана еді”, – делінген жазбада.
Скрин: НеМолчи
Аталған жағдайға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті мәліметінше, Рысқұлов ауылының тұрғынын өлтірді деген күдікпен 45 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
“Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мәліметке сәйкес, отбасылық жанжал кезінде ауыл тұрғыны азаматтық некедегі жұбайына екі рет пышақ жарақатын салған. Ауыр жарақат алған әйел бірнеше сағаттан кейін көз жұмған. Жәбірленушіні жаралары таңылған күйде туыстары тауып алған. Полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға орнында ұстады”, – делінген хабарламада.
Қазір жағдайдың мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр екен. Тергеу нәтижелері бойынша заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.


