Бұл туралы жәбірленушілердің өкілі болған заңгер Мейірман Шекеев хабарлады.
Фото: Sputnik
ERNUR.KZ. Ол Шерзат Полаттың есімі әділет үшін күрестің символына айналғанын айтады, деп жазады inbusiness.kz.
Заңгер Талғар қаласы әкімдігіне арнайы ұсыныс жасағанын да мәлім етті.
Ол Менделеев немесе Руставели көшелерінің бірін Шерзат Полаттың атымен ауыстыру туралы ұсыныс білдіріп отыр. Еске салайық, қанды оқиға да осы жерде болған еді.
– 16 жастағы Шерзаттың қаны төгіліп, қайтыс болған жердегі көшелердің атаулары Менделеев және Руставели деп аталады. Екеуі де Талғарға, тіпті Қазақстанға еңбек сіңірген қазақ тұлғасы емес. Кеңес өкіметінен қалып қойған атаулар, – деді халық заңгері.
Талғар қаласындағы Шерзат Полаттың құрметіне көше атын беру бастамасын әлеуметтік желі қолданушылары қолдап жатыр. Адвокаттың сөзінше, мұндай қадам қоғамның әділдікке деген талпынысын және азаматтық белсенділіктің артуын байқатады.
– Шерзат ақын да, жазушы да болған жоқ. Бірақ, ол – өзінің қайғылы тағдыры арқылы бүкіл қоғамды оятқан тұлға. Сол себепті, оның есімі халық жадында сақталуы тиіс деп ойлаймын, – деді Мейірман Шекеев.
Көшеге атау беру туралы ұсынысты Талғар әкімдігі қарастырып жатыр. Десе де, шешім шығару үшін мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдерінің де пікірі қажет.