Тамақ істеп жатып ұйықтап қалған: Қарағандыда өрттен балалы әйел құтқарылды

0
122

Тұрғындар пәтерден шыққан қатты түтін иісін сезіп, өрт сөндірушілерге хабарласқан.


Тамақ істеп жатып ұйықтап қалған: Қарағандыда өрттен балалы әйел құтқарылды

Фото: ТЖМ

Қарағанды қаласында көпқабатты үйдің тұрғындары дер кезінде хабар бергеннің арқасында ана мен бала аман қалды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдай түнде Қазыбек би ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Тұрғындар пәтерден шыққан қатты түтін иісін сезіп, өрт сөндірушілерге хабарласқан.

Оқиға орнына жеткен кезекші бөлім үйдің бірінші қабатындағы пәтерде плитаның үстінде қалған тамақтың тұтанып кеткенін анықтады.

Пәтерде ұйықтап қалған әйел мен оның 2022 жылы туған баласы болған.

  • Ашық жалын болмағанымен, түтіннің қоюлануы үлкен қауіп төндірген;
  • Құтқарушылар анасы мен баласын шұғыл эвакуациялады;
  • Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Құтқарушылардың айтуынша, тағы бірнеше минут кешіккенде қайғылы жағдай орын алуы мүмкін еді.

Мамандар мұндай оқиғалардың жиі қайталанатынын айтып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертті:

  • ас әзірлегенде плитаны қараусыз қалдырмау;
  • электр құралдарын пайдаланғанда абай болу;
  • балаларды ас үйде қараусыз тастамау.