Ол БҚО-ның тумасы болған.
Фото: azattyq-ruhy.kz.
ERNUR.KZ. BINOM мектебі барша ұжымның қабырғасын қайыстырған қаралы хабарды жариялады. Мектептің физика пәнінің мұғалімі Бекарыс Аминов мезгілсіз көз жұмды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Ортамызда сыйлы, шәкірт жүрегінен ерекше орын алған талантты да жас ұстазымыз, әріптесіміз Бекарыс Аминов мезгілсіз өмірден өтті деген суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадық. Бұл жағдайға әлі де сене алар емеспіз. Бекарыс Қалиоллаұлы 2000 жылдың 4 қазанында Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында дүниеге келген. Жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебінің ашылуымен бірге жас маман ретінде ұжымға қосылып, физика пәні мұғалімі ретінде алғашқы еңбек жолын бастаған болатын», - делінген хабарламада.
Ұжымның хабарлауынша, қызмет барысында ол өзінің зеректігімен, жауапкершілігімен, қарапайым да елгезек мінезімен әріптестерінің ыстық ықыласына бөлене білген.
«Жас бола тұра, сынып жетекшілері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарды. Ол – оқушылар мен ата-аналардың сүйіспеншілігіне ие болған, шын жүректен құрметке лайық ұстаз еді. Алда оны үлкен өмір жолы, биік армандар мен үміттер күтіп тұрған еді. Биыл 2 тамыз күні өзінің үйлену тойы өтуі тиіс болатын», - деп жазған олар.