Тараз қаласында Жамбыл атамыздың құрметіне Республикалық айтыс өтті

0
2 557

Алғашқы айналымда 20 ақын 10 жұп болып айтысып, өзара сөз сайыстырды. Жоғары ұпай алған 8 ақын екінші айналымға өтіп, 4 жұп болып айтысты.


Тараз қаласында Жамбыл атамыздың құрметіне Республикалық айтыс өтті

ERNUR.KZ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында «Жамбыл - менің жәй атым, Халық - менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыс орталығындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен шараны «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.

Қазылар алқасының құрамында композитор, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, ақын, журналист, «Ана тілі» газетінің бас радекторы Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Халиолла, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов және айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков болды. Оларға белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Аманжол Әлтаев төрағалық етті. Аламан айтысқа Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы), Қайнар Алагөзов (Ақтөбе облысы), Айбек Қалиев (Қостанай облысы), Дидар Қамиев (Қарағанды облысы), Талғат Мықи, Бауыржан Ширмединұлы (Батыс Қазақстан облысы), Олжас Отар (Нұр-Сұлтан қаласы), Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы), Нұрлан Есенқұлов (Түркістан облысы), Қажымұқан Абзалов (Шымкент қаласы), Шұғайып Сезімxан (Нұр-Сұлтан қаласы) және жамбылдық Қанат Мырзахан, Асхат Қылышбек, Нұрлыбек Құрманов, Дархан Әбдіманат, Шапағат Әбдір, Ербол Елшат, Медеу Мырзатай сынды барлығы 20 айтыскер қатысты.

Алғашқы айналымда 20 ақын 10 жұп болып айтысып, өзара сөз сайыстырды. Жоғары ұпай алған 8 ақын екінші айналымға өтіп, 4 жұп болып айтысты. Олар: Қажымұқан Абзалов - Асхат Қылышбеков, Айбек Қалиев - Дидар Қамиев, Мұxтар Ниязов - Қанат Мырзаxан.

Тартысты өткен финалдық айтыстардың нәтижесінде жамбылдық Қанат Мырзаxан бас жүлдені қанжығасына байлап, «Hyundai Accent» маркалы автокөлікті жеңіп алды.

Ал қарағандылық Дидар Қамиев жүлделі 1-орынды (1 миллион теңге), қостанайлық Айбек Қалиев, батыстық Бауыржан Ширмединұлы және елордалық Шұғайып Сезімxан екінші орынды ( 500 мың теңгеден) иеленді. Сондай-ақ шымкенттік Қажымұқан Абзалов, Нұрлан Есенқұлов, жамбылдық Асxат Қылышбеков және қызылордалық Мұxтар Ниязов үшінші орынға (300 мың теңгеден) лайық деп табылды. Өзге де бірқатар ақындар ынтыландыру сыйлықтарына ие болды.