Тараз тұрғыны 3 жыл бойы өзінің Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмаған

0
315

Шешім заңды күшіне енді.


Тараз тұрғыны 3 жыл бойы өзінің Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмаған

ERNUR.KZ. Тараз қаласы тұрғынының Халыққа қызмет көрсету орталығынан қайта тіркеуге және жеке куәлігін ауыстыруға берген өтінішінен бас тартылып, салдарынан тұрғын 3 жыл бойы өзінің Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмаған, деп жазады Ulysmedia.kz.


Ал сот полиция департаментінен моральдық шығын үшін 300 мың теңге өндірді.

ҚАЛАЙ БОЛҒАН?

2019 жылдың қыркүйегінде Тараз қаласы тұрғынының Халыққа қызмет көрсету орталығынан (ХҚКО) қайта тіркеуге және жеке куәлігін ауыстыруға берген өтінішіне бас тартылған.

ХҚКО оның Ресей азаматтығын қабылдауына байланысты Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылғаны туралы ІІМ дерекқорындағы жазбаны көрсетті. 2019 жылдан бері ол Ресей азаматтығын қабылдамағанын айтып, бірнеше рет полицияға хабарласқан. Осылайша, талап қоюшы 3 жыл бойы өзінің Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмаған.

ТЕРГЕУ

2023 жылдың мамыр айында тексеру барысында РФ Сыртқы істер министрлігі талап қоюшының Ресей азаматтығын алуға өтініш бермегенін, Ресей Федерациясы ішкі істер министрлігінің ақпараттық жазбаларында оның азаматтығын алғаны туралы мәлімет жоқ екенін хабарлады.

Ал осы хат пен қызметтік тексеру қорытындысы негізінде Полиция департаменті талап қоюшының жеке куәлігінің жарамсыз мәртебесін жойды.

МОРАЛЬДЫҚ ШЫҒЫН

Ол Тараз қалалық сотына Полиция департаментінен моральдық шығын үшін 3 миллион теңге өндіріп беру туралы талап қоюмен жүгінген.

КІМ КІНӘЛІ?

Сотта жауапкердің өкілі талап қоюшының азаматтығын жоғалтуды тіркеуді шетел мекемесі – Ресей Федерациясының Федералдық көші-қон қызметі басқармасы жүргізгенін түсіндіріп, талап қоюды мойындамады.

Сондай-ақ талап қоюшының қаңтар оқиғасы кезінде (2022 ж.) әкімшілік ғимараттардың қирауына байланысты полицияға (2019-2020 жж.) жүгінгені туралы ақпарат жоқ екені атап өтілді.

Талап қоюшының Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтудағы жауапкердің кінәсі анықталған жоқ.

ҚОРЫТЫНДЫ

Сонымен қатар, сот жауапкер талап қоюшының өтініштерін уақтылы қарамаған, оның ішінде полиция қызметкерлерінің 3 жылдан астам уақыт бойы оның конституциялық құқықтарын қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды қолданбауы, нәтижесінде талап қоюшы ұзақ уақыт бойы нақты құқықтық мәртебесіз қалып, осыған байланысты моральдық азап шегуге әкеп соқты деген қорытындыға келді.

Осыны ескере отырып, талап қоюшының талаптары ішінара қанағаттандырылып, облыстық полиция департаментінен 300 мың теңге моральдық шығын өндірілді.