Таразда 13 жасар қызды құтқарған ер адамға 500 мың теңге берілді

0
121

Аймақ басшысы тұрғынға алғыс білдірді.


Таразда 13 жасар қызды құтқарған ер адамға 500 мың теңге берілді

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 13 жастағы оқушы қызды қаскөйлерден арашалап қалған Тараз қаласының тұрғыны Нүркен Омаровқа арнайы алғысхат пен қаржылай сертификат табыстады, деп жазады inbusiness.kz.

Бұған дейін Таразда 13 жастағы қызды екі ер адам көшенің қақ ортасында ұрламақ болғанын жазғанбыз.

Абырой болғанда, оқушыға аялдамада тұрған басқа адам көмекке жеткен. Кейін бұл іске қатысты екі жігіттің ағайындылар екені белгілі болды.

"Сіздің жедел әрекетіңіз бен табандылығыңыздың арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі сақталды. Сын сәтте жауапкершілікті өз мойныңызға алып, батыл шешім қабылдауыңыз бойыңыздағы биік адамгершілік пен парасаттылықты көрсетті. Бұл іс-әрекетіңіз өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, азаматтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге "Заң мен тәртіп" қағидатын берік ұстанудың маңызын айқындап, әрбір азаматтың құқықтық жауапкершілікті терең сезінуі қажеттігін дәлелдеді. Сізге мықты денсаулық, шаңырағыңызға шаттық пен береке тілеймін", – деді Ербол Қарашөкеев.

Аймақ басшысы арнайы Нүркен Омаровқа алғысхат пен 500 мың теңге көлемінде қаржылай сертификат табыстады.

Сонымен қатар ерен ерлік танытқан азаматтың әлеуметтік жағдайына назар аударып, оның тұрақты жұмыспен қамту мәселесін қарастыру жөнінде жауапты тұлғаларға нақты міндет жүктеді.

"Оқиға кезінде қыз баланың қорқып тұрғанын байқап, бір сәт те кідірмей көмекке ұмтылдым. Бұл ісімді марапат үшін емес, азаматтық және әкелік борышым деп санаймын", – деді қала тұрғыны Нүркен Омаров.

Оқушы қызға араша түскен қала тұрғыны марапатталды. Ал ағайынды екі жігіт қамауға алынды.