Министрлік аталған жайтқа қатысты мәлімет алу үшін ҚР ҰҚК Шекара қызметіне хабарласуды ұсынды.
ERNUR.KZ. «Шөлдала» шекара заставасында көз жұмған сарбаз оқиғасына қатысты Қорғаныс министрлігі ресми түрде пікір білдірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«2022 жылғы тамызда «Шөлдала» шекара заставасында мерзімді қызметін өткерген Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі сарбазының қаза болуына байланысты БАҚ-тың көптеген сауалдарына бұл жағдайдың ҚР Қарулы Күштеріне қатысы жоқ екенін хабарлаймыз», - делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Министрлік өкілдері қандай да бір мәлімет алу үшін ҚР ҰҚК Шекара қызметіне хабарласу керек екенін мәлімдеді.
«Сонымен бірге Қазақстан Республикасы күштік құрылымдарының қатарына шақырылған ел азаматтары Қарулы күштердің бөлімшелерінде ғана емес, Ұлттық ұланның (ІІМ), ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімшелерінде де қызмет атқаратынын естеріңізге саламыз», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 2022 жылдың 19 тамызында Ұлттық қауіпсіз комитеті Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген 2004 жылғы Бекбол Мираш асылып тұрған жерінен табылған болатын. Күдікті Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пралиев журналистерге осы іске қатысты адам сенгісіз фактілерді жариялады. Ол биологиялық сараптама жігіттің ауыз қуысы мен іш киімінен, футболкасынан екі және одан да көп ер адамға тиесілі шәует ізі табылғанын, алайда тергеу аталған деректі назарға алмай отырғанын мәлімдеген еді.
Кейіннен адвокат Сержан Пірәлиев қылмыстық істің деректерін жария еткені үшін жазалануы мүмкін екені хабарланды.