Таразда перзентханадан жаңа туған нәресте ұрланды

0
1 308

Нәрестені ұрлады деген күдікпен Қаракемер аулының 22 жастағы тұрғыны ұсталды.


Таразда перзентханадан жаңа туған нәресте ұрланды

ERNUR.KZ. Тараздағы перзентханадан нәресте ұрланды, деп жазады Stan.kz.

8 шілдеде Тараз полициясына жас келіншек жүгініп, облыстық перинаталдық орталықта жаңа туған нәрестесінің ұрланғанын айтып шағымданған.

Құқық қорғаушылар бейнебақылау камераларындағы жазбаны тексеріп, нәрестені ұрлаған әйелдің перзентханадан шыққаннан кейін қайда кеткенін анықтапты.

«Жақын маңдағы тұрғын аумақ жіті тексеріліп, сол маңдағы қонақ үйлердің әр бөлмесі тексерілді. Ұрланған нәресте бөлмелердің бірінен табылды. Ауыр қылмысты 2 сағат көлемінде ашу мүмкін болды. Нәресте анасына табысталды», - дейді полициядағылар.

Нәрестені ұрлады деген күдікпен Қаракемер аулының 22 жастағы тұрғыны ұсталды. ҚР ҚК 135-бабы 2-тармағына (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен кәмелетке толмаған балалар саудасы) сәйкес тергеу басталды.

«Аталған бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта күдіктінің кішкентай баласы бар екені ескеріліп, оған қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылуда», - дейді ведомстводағылар.