Тәртіп сақшылары мектептердің антитеррорлық қорғалуын тексерді

0
146

25 тамыздан бастап елімізде балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Абайлаңыз, балалар!» атты акциясы басталып кетті.


Тәртіп сақшылары мектептердің антитеррорлық қорғалуын тексерді

ERNUR.KZ. Бірер күнде ел мектептері оқушыларға есігін айқара ашады. Балалардың «үй-мектеп-үй» бағытымен жүретін уақыты барлық ересек буынның ерекше назарын талап етеді. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ата-аналарға мұғалімдер және полиция қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеу керектігін ескертті. Яғни әр баланың мектепке баратын ең қауіпсіз жолын анықтап, баланың сол жолды жатқа біліп, қауіпсіз бару қайтуын қамтамасыз ету қажет.

«Білім беру мекемелерінің жанындағы инфрақұрылымға да зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Тиісті ұсынымдар берілді. Мектептердің қасына жаяу жүргінші бағдаршамдары, жасанды кедергілер, жол белгілері мен ақпараттық паннолар, қоршаулар және автотұрақтар орнатылды. Бүгінге дейін талаптарға сәйкестендіру бойынша жұмыстың 95%-ы жүргізілді. Дегенмен, кемшіліктер әлі де бар, бірақ кейбір мәселелер қаржы тапшылығына байланысты кезең-кезеңімен іске асырылады. Сондай-ақ полиция қызметкерлері оқу орындарының антитеррорлық қорғалуын яғни, бейнебақылау камералары, дабыл түймелері, күзет ұйымдарының болуы және т.б. тексеруде», – деді спикер.

Осы жылғы тексерулер нәтижесінде антитеррорлық қорғау бойынша 800-ден аса құқық бұзушылық анықталды. Негізгі кемшіліктер: бейнежазбаларды сақтау мерзімінің қысқа болуы; үздіксіз және резервтік энергия көздерінің болмауы; «соқыр аймақтардың» болуы, сондай-ақ техникалық ақаулар. 141 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 43 млн теңге айыппұл салынды.

Әрбір оқу орнына аумақтық ІІО басшылары, ювеналдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және криминалдық полицияның жедел уәкілдері бекітілді. Оларға оқу орындарына бару, сабақтар өткізу, жеке профилактикалық шаралар жүргізу, мектеп әкімшілігіне және ата-аналарға түсіндіру жұмыстары мен бейнетаспаларды көрсету жүктелген.

Қылмыстар көбіне заңды өкілдері дұрыс тәрбие бермегендіктен және оларға бақылаудың жеткіліксіздігінен туындайды. Кәмелетке толмағандар тарапынан немесе оларға қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттер фактілері орын алса, полицияға тез арада хабарлау қажет. Уақытылы хабарламаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген.

«Ата-аналарға айтарым – балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Көп жағдайда қайғылы оқиғалар мен басқа да келеңсіз жағдай соның салдарынан болып жатады. Балаңыз бос уақытында немен айналысатынын және кіммен араласатының білгеніңіз абзал. Қазіргі таңда кез келген бала интернетке еркін кіреді, алайда білместікпен олар есірткі таратушылардың назарына түсіп, өздеріде есірткі тұтынуы мүмкін. Алғашқыда балалар темекі шегіп, дәріханалық препараттарды қолданудан бастауы мүмкін», – деп ескертті ведомство өкілі.

Балалар жәбірленуші болса немесе қылмыс істеуге тартылғаны жөнінде күдік болса полицияға хабарлау қажет. Әрбір өтініш тіркеліп, жедел ден қою шаралар қабылданады.

Айта кетерлігі, 25 тамыздан бастап елімізде балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Абайлаңыз, балалар!» атты акциясы басталып кетті. Бұл шара 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Шара барысында Қазақстанның барлық аумақтық бөлімдерімен құқықтық ағарту жұмысы белсенді түрде жүргізіледі. Сонымен қатар қоғамдық орындарда, автобустарда, кинотеатрларда жаяу жүргінші балалар тарапынан жол ережелерін сақтау және балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіз ұстау құрылғыларын пайдалануды насихаттауға бағытталған аудио және бейнероликтер көрсетіледі.