Тасқын су басқан Құлсарының тұрғындарына 62 үй берілді

0
398

Тасқын судан зардап шеккен тұрғындар үшін Құлсары қаласында жаңа шағын аудан бой көтерді.


Тасқын су басқан Құлсарының тұрғындарына 62 үй берілді

ERNUR.KZ. Атырау облысындағы тасқын су басқан Құлсары қаласының тұрғындарына 62 үй берілді, деп жазады inform.kz.

Тасқын судан зардап шеккен тұрғындар үшін Құлсары қаласында жаңа шағын аудан бой көтерді. Шағын ауданды «Болашақ» деп атау ұйғарылған. Мұнда 100 тұрғын үй салуға жергілікті 8 мердігер компания тартылды. Тұрғын үй құрылысына қазақстандық материалдар қолданылған.

«Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құлсары қаласында 80 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге 2 млрд 640 млн теңге бөлінген. Мұнда 1 үйді салуға жұмсалған қаржы 31 млн 975 мың теңге болды.

Типтік үлгідегі жаңа үйлердің әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Тұрғын үйлердің авторлық дизайнын «ETALON PROJECT GROUP» ЖШС дайындаған. Бұл серіктестік дизайнның сақталуына бақылау жүргізді. Ал техникалық қадағалауды «ZAF-Стройсервис» ЖШС жүзеге асырған.

Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметінше, маусымда 100 үй салына басталған. Оның ішінде 62 үйдің құрылысы толық аяқталған.

«Жаңа үйлерге су, газ, электр желісі тартылды. Әр үйдің құрылысын жүргізуге 10 сотық жер телімі бөлінді. Енді 58 үйдің құрылысы қыркүйектің соңына дейін аяқталады», - деді Нұрберген Құсайынов.

Тұрғындар қуанышымен бөлісуге келген облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Құлсарыда жаңа тұрғын үйлермен бірге 2 мың орындық Binom мектебін, 300 орындық балабақша нысанын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ шағын аллеялар салынады.

«Шағын ауданның аты «Болашақ» аталған соң осында тұратын отбасында балалардың келешегі жарқын болғанын қалаймыз. Алдағы жылы мектеп, балабақшамен бірге дене шынықтыру-сауықтыру орталығы салынады», - деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын су басқан Құлсары қаласында 100 үйдің құрылысы қалай жүріп жатқанын жазған едік.