Жазушының айтуынша шығармасындағы “Салтанат” пен марқұм Салтанат Нүкенованың арасында ешқандай байланыс жоқ екен.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, жазушы, драматург Дулат Исабеков әйелін ұрып өлтірген экс-министрдің әрекетін талқылады, деп жазады stan.kz.
Жазушы Kultobe podcast арнасында “Гауһартастағы” Салтанат пен күйеуінің қолынан қаза тапқан марқұм Нүкенова Салтанаттың тағдырын баяндап берді.
“Достоевскийдің: “Бір адамның бойында жауыздық пен ізгілік қатар отырады” деген сөзі еске түседі. Элиталы отбасында дүниеге келіп, қызметте істеген әке-шешеден тәрбие алған баланың сондай жауыздыққа барғанына сене алмаймын. Әлі күнге дейін ол тақырыпта әңгіме қозғау кімге болса да ауыр тиеді. Ішкені алдында, ішпегені артында өскен бала еді. Өзі де білімді, соның арқасында белді қызметтерде істеді. Әйелің ұнамады ма, ажыраса сал. Сол да қиын болып па?! Өлімші етіп сабап, қорлап не көрінді?! Әйелін өз қолымен о дүниеге аттандырды. Өзінің өмірін де быт-шыт қылды. Енді 24 жылы темір торда өтеді. Айтуға өте қиын”, – деп күрсінді жазушы.
Жазушының айтуынша шығармасындағы “Салтанат” пен марқұм Салтанат Нүкенованың арасында ешқандай байланыс жоқ екен.
“Өзім де оқырмандардан қос Салтанатты салыстырып жатқанын естідім. Бірақ екеуі екі басқа әлем. Менің кейіпкерім таудың ішінде отырған шопандар еді. Қазіргі қоғамдағы Салтанат зиялы отбасының өкілі. Тастан – жәй ғана шопан. Бишімбаев – министр. Бірақ Тастан кісі өлтірген жоқ. Оның табиғаты сондай адам. Ол ешкімге жақсы көремін деп сезімін білдіре алмайды. Бірақ Салтанатын жақсы көрді. Мына сөзінен-ақ оның болмысы қандай адам екенін көруге болады. Салтанат ауырып жатқанда: “Әлі жатсың ба?” дегені “Қалың қалай, тәуір болдың ба” дегенмен бірдей. Міне, Тастанның болмысы. Әйелдің жақсы немесе жаман болуы еркекке байланысты. Жақсы еркектен әйел ешқашан қашпайды. Соны түсіну керек”, – дейді қоғам қайраткері.