Тауда фазенда ашқан кәсіпкердің мәйіті табылды – қызы туыстарын кінәлап отыр

0
452

Марқұмның қызы әлеуметтік желіде осы іске қатысты мәлімдеме жасады.


Тауда фазенда ашқан кәсіпкердің мәйіті табылды – қызы туыстарын кінәлап отыр

ERNUR.KZ. Жетісу облысында 50 жастағы кәсіпкердің мәйіті табылды. Полиция өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша іс қозғады. Алайда қызы суицидке сенбей, туыстарын кінәлап отыр, деп жазады sputnik.kz.

Марқұмның қызы әлеуметтік желіде осы іске қатысты мәлімдеме жасады.
"2023 жылы 18 мамырда әкем Алтынбек Бегімжанды Мұсабек ауылында, таудағы фазендада атып тастады", - дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, сол күні әкесінің жанында туысы және трактор жүргізушісі болған.
"Қылмыстық іс әлі күнге дейін қозғалған жоқ. Куәгерлерден жауап алынбады. Істі жабуға тырысып жатыр", - деп атап көрсетті бизнесменнің қызы.
Ол туыстары тарапынан қоқан-лоқы жасалып жатқанын да айтты. Барлығы қылмыстық істі қозғау туралы арызды бергізбей, істі суицидпен жабуды қалап отыр.
"Әкемнің денесін алып кетті де, полициядан тығып, келесі күні жерлеп тастады. Мен үндемей отыра алмаймын, ол менің туған әкем, мен әділдікті талап етемін", - дейді ол.
Полиция 50 жастағы кәсіпкердің өлімі бойынша қылмыстық істің қозғалғанын хабарлады. Тергеу шараларын Көксу аудандық полиция қызметкерлері жүргізіп жатыр. Облыстық тергеу басқармасы оны бақылауға алды.
"Марқұмның денесі оқ жарақатымен 18 мамырда Мауленбей ауылына жақын шаруа қожалығында табылды. Оқиғаның мән-жайы, сондай-ақ ол жерде табылған өлім алдындағы хатты ескере отырып, "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша тергеу шаралары басталды", - дейді Жетісу облыстық полиция департаментінің мамандары.