Қазір басты назар жанармайды заңсыз шетелге шығаруға пайдаланылатын қосымша жанармай багы орнатылған көліктерді анықтауға аударылған.
ERNUR.KZ. Қазақстанда жанар-жағармай материалдарын шекара арқылы заңсыз шығарудың алдын алу үшін бірқатар кешенді шаралар қабылданды, деп жазады stan.kz.
Үкіметтегі брифингте энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, қолданыстағы шаралардың бірі – шекаралас мемлекеттерден келетін көліктердің Қазақстан аумағына кіруіне шектеу енгізу.
"Қазір шекаралас елдерден келетін жүк және жеңіл автокөліктердің Қазақстан аумағына тәулігіне бір реттен артық кіруіне тыйым салынған", – деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Оның сөзінше, бұдан бөлек, жанар-жағармай материалдарының заңсыз, яғни "көлеңкелі" жолмен елден шығарылуына қарсы күреске ерекше назар аударылып отыр.
Қазір басты назар жанармайды заңсыз шетелге шығаруға пайдаланылатын қосымша жанармай багы орнатылған көліктерді анықтауға аударылған. Бұл жұмыстарды Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Шекара қызметі және кеден органдары бірлесіп жүргізіп жатыр.
Оның айтуынша, шекара маңындағы өңірлерде жанармайды заңсыз алып өтпек болғандар жиі анықталады.
"Қазір Қазақстаннан жанар-жағармайды заңсыз шығарудың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар іске асып жатыр", – деп қорытындылады Ввце-министр.
Еске салсақ, бұған дейін энергетика министрлігі елдегі жанармай нарығындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы туындау қаупі жоқ екенін хабарлаған еді. Сондай-ақ Қазақстан Ресейге бензин экспорттауға дайын екенін мәлімдегені туралы жазған едік.


