Питомникте агротехникалық талаптарды ескере отырып, 10 га алаңда сексеуіл тұқымы егілді.
ERNUR.KZ. «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі бағыттарының бірі – көгалдандыру және елдің ормандылығын арттыру. Мәселен, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд 369 млн көшет, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл көшеттерінің 48,7 млн данасы отырғызылды. Өткен жылдың соңында Қазалы қаласындағы 33 га алаңда қуаттылығы жылына 3 млн көшет болатын орман питомнигінің құрылысы аяқталды.
Питомникте агротехникалық талаптарды ескере отырып, 10 га алаңда сексеуіл тұқымы егілді. Бұл туралы ҚР ЭТРМ Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, биыл ауданы 15 га питомникті жобалау және Аралдың құрғатылған түбінде тікелей ұңғымыларды бұрғылау жұмыстары жүргізілуде, қызметкерлер үшін өндірістік модульдер жеткізілді.
«Өздеріңізге мәлім, Үкімет пен Министрлік Таза Қазақстан бастамасы аясында қабылдаған шаралары экологиялық сананы өзгертуге әсер етуде. Шара аясында ел азаматтары тазалықты ауласынан, өңірінен бастап, жалпы ел экологиясын жақсартуға үлес қосуда. Былтыр тұжырымдама аясында өткен акияларға әрбір үшінші қазақстандық қатысса, биыл көрсеткіш одан да жоғары болады деп ойлаймын», – деп түйіндеді ведомство өкілі.
Мемлекет басшысының бастамасы халықты қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық мәдениетке баулу, энергияны, суды және басқа да табиғи ресурстарды пайдалануға үнемді көзқарас қалыптастыру, тұрмыстық қалдықтарды одан әрі өңдеу үшін оларды бөлек жинау әдетін, патриотизмді, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті оятуға бағытталған.