Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет қаулысымен «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді.
ERNUR.KZ. Құжат азаматтардың экологиялық мәдениетін, табиғатқа деген құрметін қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсінуге және экологиялық мәселелерді шешуге белсенді қатысуға бағытталған. Бұл тұжырымдамада экологиялық бастамаларға белсенді қатысатын бизнес пен ірі кәсіпорындар маңызды рөл атқарады. Бұл туралы ҚР ЭТРМ Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, оған көгалдандыру, абаттандыру, эковолонтерлік, экологиялық конкурстар өткізу, сондай-ақ халықтың экологиялық білімі мен мәдениетін арттыру жөніндегі іс-шаралар кірді. Жергілікті атқарушы органдар Тұжырымдаманы іске асыру бойынша өңірлік іс-қимыл жоспарларын қабылдады.
«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы іске қосылған кезеңнен бастап ел аумағында мыңнан астам экологиялық акция өтті, тек ағымдағы жылдың басынан бері 767 іс-шара өткізілді. Оларға 10 млн 400 мыңнан астам адам қатысты, оның ішінде 586 мыңы – еріктілер. Жалпы 1 млн 600 мың тоннадан астам қалдық жиналып, 859,6 мың га аумақ тазартылды. Бастама аясында жыл сайын 3 млн ағаш отырғызу жоспарланғанмен, бастама аясында 4,7 млн-ға жуық ағаш отырғызылды. Қалған көлемі осы жылдың күзіне жоспарланған», – деді министрлік өкілі.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі қалдықтармен жауапты жұмыс істеу болып табылады. Елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі, бұл ретте оларды қайта өңдеу деңгейі өткен жылы 25,8%-ды құрады.
Жағдайды жақсарту үшін заманауи инфрақұрылым белсенді дамытылуда.
Бүгінгі таңда қатты тұрмыстық қалдықтар саласы бойынша 67 жоба мақұлданып, оған 346,6 млрд теңге қарастырылған. Қалаларда экобокстар мен фандоматтар орнатылуда, олар қайта өңделген заттар үшін бонус төлейді. Мысалы, жеке бизнес Астана, Алматы, Ақтөбе және Өскеменде пластик пен алюминий жинауға арналған 100-ден астам фандомат орналастырды.
Бұдан бөлек, тамыз айының соңына дейін пилоттық жоба аясында Астана мен Жезқазғанның 129 мектебінде қоқысты бөлек жинауға арналған 1000-нан астам экобокс орнатылады. Бұл шаралар полигондарға жіберілетін қалдық көлемін азайтуға көмектеседі.