Теміртауда жарылыс болған үй қалпына келтіріледі

0
396

​Келесі аптада бүкіл үй бойынша толық қорытынды жасалады.


Теміртауда жарылыс болған үй қалпына келтіріледі

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртауда газ жарылысынан зардап шеккенүйдің тұрғындармен кездесті, деп жазады sputnik.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 16 тамызда Металургов даңғылындағы бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерде газ-ауа қоспасы тұтанып, жарылыс болды. Төрт адам зардап шекті.
Үйдің бөлме арасындағы қабырғалар ғана емес, төбе плиталары да опырылып түскен.
Атап айтқанда, екінші және үшінші қабаттар, сондай-ақ, үшінші және төртінші қабаттар арасындағы бірнеше пәтердің төбесі құлаған. Жалпы, үш пәтер бүлінген.
Жеңіс Қасымбек үйге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп тыңдады.
Үш компания үйге техникалық тексеру жүргізуде – "КазМИРР" ЖШС, "Астана Технадзор" ЖШС, "ТрансИнжиниринг" ЖШС.

ҚазМИРР директорының айтуынша, үйді жөндеуге болады. Төтенше жағдай орын алған кіреберіс кейіннен қалпына келтіріліп, бөлшектеледі. Келесі аптада бүкіл үй бойынша толық қорытынды жасалады.
Қазір құрылысшылар қабырғаларды нығайта бастады. Осыдан кейін тұрғындар пәтерлерден жеке заттарын ала алады. Бұдан кейінгі іс-қимылдар сараптама қорытындысына байланысты қабылданатын болады.
"Қорытынды келесі аптада болады. Осыдан кейін біз тағы да осында келіп, әрі қарай не істеу керектігін шешеміз. Жергілікті әкімдікке барлық тұрмыстық мәселелеріңізді жедел шешуді тапсырдым", - деді әкім тұрғындарға.
Тұрғындарға қажетті көмек көрсетілуде. Барлық 80 пәтерде тұратындардың базасы құрылған: 155 адам, оның ішінде 12 қарт, 18 жасқа дейінгі 15 бала. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді.

Тұрғындарға Теміртау политехникалық колледжінің жатақханасынан уақытша тұрғын үй берілді. Бір бөлігі туыстары мен жалдамалы пәтерлерге қоныстанды. Теміртау әкімдігі барлық шығындарды өтейді. Сондай-ақ, пәтерлерді қалпына келтіруге де көмек көрсетіледі.