Тері мен жүнді шетелге шығаруға салынатын кедендік баж салығы алынып тасталады

0
208

Жеңілдік үш жыл мерзімге енгізіліп, кейін қайта қарау мүмкіндігі сақталады.


Тері мен жүнді шетелге шығаруға салынатын кедендік баж салығы алынып тасталады

фото:Sputnik / Саид Царнаев

ERNUR.KZ. Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүнін экспорттауға салынатын кедендік баж салығын алып тастау мақұлданды, деп жазады sputnik.kz.

Жеңілдік үш жыл мерзімге енгізіліп, кейін қайта қарау мүмкіндігі сақталады. Шешімнің басты себебі — өндірілетін шикізаттың көп бөлігі ішкі нарықта аса сұранысқа ие емес. Нақтырақ айтқанда, тері мен жүнді өңдеу және экспорттау деңгейі әлі де төмен болып отыр.
"Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандыру және өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз ету мақсатында өңдеуге өткізілген шикізатқа субсидия беру шаралары қарастырылып жатыр. Тері мен жүнге салынатын экспорттық баж салығын алып тастау, ең алдымен, ірі және ұсақ мал өсіретін фермерлердің шығындары мен қалдықтарды жоюға жұмсалатын шығыстарды азайтуға себін тигізеді. Өндірістік-бөлу тізбектерін дамытуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге, өнім өндіруші және экспорттаушы отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді", - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 27 ақпандағы бұйрығына сәйкес, қолданыстағы экспорттық баж салығы мөлшері мынадай:
ірі және ұсақ мал терілері мен басқа да өңделмеген терілердің экспортына — тоннасына 200 еуро;
жүн экспортына — 10%, бірақ тоннасына кемінде 50 еуро.
Ішкі нарық қажеттілігі мен тері-жүн экспорты арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырады. Қажет болған жағдайда өңдеу саласындағы инвестициялық жобаларды ескере отырып, тиісті шараларды жедел түрде қабылдайды.